«Біздің полиция» жобасының кезекті кейіпкері — қырағы қасиет-қабілеттерді бойына тоғыстырған сала үздігі, полиция капитаны Арман Әріпжанов.
Арман Талғатұлы 1990 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ішкі істер органдары қатарында 2015 жылдан бері қызмет атқаруда. Алғашқы еңбек жолын Абай аудандық полиция басқармасында учаскелік полиция инспекторы болып бастаған. 2023 жылдан бері Тұран АПБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі лауазымында.
2023 жылдың 20-ақпанда Арман Әріпжанов өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, Шымкент қаласындағы қару-жарақ дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні ұстады.
– Сол күні әріптесім екеуміз бейнебақылау камераларын қарап жүрген едік. Қару дыбысын естіген сәтте дереу сыртқа жүгіріп шықтым. Оқушылар мен студенттер өте көп болды. Солардың бәрін шетке шығуға өтініп, қарулы азаматтың артынан жүріп отырдым. Қолайлы сәтті күтіп, автокөліктің маңына келіп, қоян-қолтық ұрыс тәсілін қолданып, қаруын тартып алдым. Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Себебі бірінші орында адамдардың қауіпсіздігін сақтап, қылмыскерді қолға түсіру болды, – деді жедел уәкіл.
Осыған орай, кеше ғана ІІМ-де қызмет бабында ерлік танытып, борышын абыроймен атқарған полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Қарулы қылмыскерлерді ұстау кезіндегі жанқиярлығы үшін ведомство басшысы Марат Ахметжанов әріптесіне алғыс білдірді. Осы батылдығы үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
Жүгі ауыр, жауапкершілігі зор саланы абыроймен еңсеріп жүрген полиция капитаны әркез өзіне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен атқарып келеді. Қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, әріптестеріне үлгі болған Арман Талғатұлы отбасында қамқор әке. Жұбайы екеуі бір қыз, үш ұл тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.