Қасиетті Рамазан айы басталды.
Егер Сіз қасиетті айда ораза ұстауға ниеттенген болсаңыз, денсаулық жағдайыңызға дұрыс баға беру қажет. Егер ораза ұстау аурудан жазылуға бөгет жасап, созылмалы аурудың шиеленісуіне немесе жалпы жағдайыңыздың ауырсынуына әкелетін болса, онда ораза ұстаудан бас тартқаныңыз жөн.
Сәреде қабылдайтын ас ағзаны күні бойы энергиямен қамтамасыз етуі қажет. Әсіресе, бидай, сұлы, бұршақ және күріштен сүт қосылған ботқа түрлерін пайдаланған жөн.
Ауыз ашқанда құрма жеу немесе су ішкен дұрыс. Оның ағзаға өз пайдасы бар: асқазанды бірнеше сағаттан кейінгі тамақ қабылдауға дайындай отырып, қант пен тұздың деңгейін қалпына келтіруге, аштық сезімінің төмендеуіне, шамадан тыс тамақтанудан және тамақтану режимі бұзылуына байланысты болатын іш қатуынан сақтайды.
Ораза кезінде ағзаңызға зиян келтірмеу үшін тағам өнімдерінің сапасына және құндылығына аса назар аударыңыз. Кешкі астың жеңіл болғаны дұрыс. Артық салмақ болмау үшін жұмсалатын энергия мен тағамның құндылығы тепе-теңдікте болуы қажет. Физикалық белсенділігіңіз төмен болса, құнары төмен тағам түрлерін пайдаланыңыз. Ондай тағам түрлеріне көкөністер (қияр, қызанақ, қызылша, т.б.), жемістер (алма, алмұрт, құрма, анар, т.б.), майлы емес ет, сүт, балық өнімдері жатады. Қуырылған, майлы, тұздалған, маринадталған, тәтті тамақтарды аз пайдалану қажет.
Ағзадағы су-тұз тепе-теңдігін сақтап тұру үшін суды жеткілікті мөлшерде пайдалану қажет. Газдалған тәтті сусындарға, қою шай, кофеге қарағанда таза су немесе жеміс шырындарын, компот ішкен дұрыс.
Сонымен қатар, Қасиетті Рамазан айында мешіттерде, кафе, мейрамхана және тойханаларда өткізілетін ауызашар кезінде жаппай тамақтан уланудың және жедел ішек инфекцияларының алдын алу мақсатында келесі санитариялық талаптардың сақталуына аса назар аударуға шақырамыз:
— Ас дайындаушылардың медициналық тексеруден өтуі және медициналық кітапшаларының болуы;
— Жеке бас гигиена қағидаларының сақталуы;
— Тағамдарды дайындау технологиясын сақтап, таза пісіру;
— Үй жағдайында консервіленген өнімдерді асқа қолданбау;
— Тамақ өнімдерін олардың жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтау;
— Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуы;
— Егер тағамның түрі, түсі, иісі және тағы басқа белгілері күмән тудыратын болса, мұндай тағамды мүлде пайдаланбаған жөн.
Осы талаптарды сақтау ораза күндері тамақтан улану қатерін болдырмайды.
Улану белгілері пайда болған жағдайда, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет екенін ескертеміз.
Қасиетті Рамазан айында ниеттеріңіз қабыл болсын!
Төлебаев Әбдіманап Қошқарұлы,
Шымкент қ. СЭБД басшысы