ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкентке жұмыс сапарымен келді. Ол қала әкімінің бірінші орынбасарымен және білім басқармасының басшысымен бірге Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің жұмысымен танысты. Еліміздің бас педагогы ЖОО мүмкіндіктерін бағалап, жастардың ой-пікірін тыңдап, сауалдарына жауап берді.
Ғани Бейсембаев маңызды мамандық өкілдеріне құрмет көрсетіп, «Ұстазға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Іссапар барысында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры министрге білім ошағына экскурсия өткізді. Еліміздің бас педагогы болашақ мұғалімдердің кәсіби дағдыларын жетілдіріп, ғылыми идеяларын жүзеге асыру мақсатында республикалық және халықаралық конкурстарға дайындалып жатқанына куә болды.
Шымкент педагогикалық университетінде еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден жеті мыңнан астам студент білім алуда. Оқу-ағарту ЖОО мүмкіндіктерін бағалап, 4 курс студенттерінің ой-пікірін, ұсыныстарын тыңдады. Ғани Бейсембаев ауылдарда білім беру сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтіп, болашақ педагогтармен өз тәжірибесімен бөлісті.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі: «2019 жылы Президентіміз Қазақстандағы мұғалімдердің мәртебесі туралы заң қабылдады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болғаннан кейін маңызды шешімдерінің бірі. Бұл арқылы Президенттің мұғалімдерге деген құрметі мен сенімін байқауға болады. Содан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы мұғалімдердің жалақысы екі есе артады деп уәде берді, оның уәдесі толығымен орындалды және биыл мұғалімдердің жалақсы 25% — ға артты».
Студенттер министрге педагогика саласында туындауы мүмкін мәселелер туралы сауалдарын жолдады. Кездесуде білім берудің ескірген әдістері, мұғалімдердің жұмыс кестесі, сондай-ақ ұстаздар мен ата-аналардың қарым-қатынасы туралы сұрақтар көтерілді.
Гүлдана Дәурен