Шымкентте ардагерлер ұйымының бастамасымен “Ардақтайық, аялайық ананы” байқауы өтті. Қалалық сайыста ақ жаулықты аналардың салт-дәстүрімізді қаншалықты дәріптеп жүргені сараланды. Ал жеңімпаз атанғандар алғыс хатпен марапатталып, арнайы төсбелгі табысталды.
Үшінші мегаполисте “Ардақтайық, аялайық ананы” атты салт-дәстүр сайысы өтті. Жарыс жеңімпазы Жанат Нәлібекова Тұран ауданының үкілі үміті. Ол айтулы байқауда ене мен келін арасындағы нәзік байланысты көрсетіп, қазақ дәстүрін жаңғыртуды ниет еткен.
Жанат Нәлібекова, байқау жеңімпазы: «Алдымен аудандық жарыста жеңіп, осы қалалық жарысқа жолдама алдым. Енді бұл сайыстың мақсаты жастарға өнегелі сөздермен, қазақтың ұлттық дәстүрлерін жастарға үйрету.»Есті ене көргенді келін» деген тақырыпта сайыс көрсетеміз. Халқымыздың ұмыт бола бастаған тағамдарын дайындап келдім».
Жарысқа 5 ауданның жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздары қатысты. Олар қазақтың салт-дәстүрін, ырым-тыйымын, ұмыт бола бастаған ұлттық тағамын дәріптеді. Жоба ұйымдастырушысы Кенжехан Төлебаев бұл жастарға өз құндылығымызды танытып, ата жолын жалғаушы кеш екенін айтады.
Кенжехан Төлебаев, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Бірінші алдымызда келе жатқан 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне арнап отқан жағдайымыз бар. Екінші жастарға тәрбиелік мәні бар, ішінде бала тәрбиелеу, келін тәрбиелеу өзіміздің ұмытылып бара жатқан әдет ғұрыптарымызды еске салу үшін сайысқа саламыз»
Сайыс соңында ақ жаулықты аналарға бағалы сыйлықтар табыс етіліп, алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар жүлдегерлерге «Шымкент қаласының құрметті ардагері» төсбелгісі табысталды.