Шымкентте мұнай өңдеу зауытындағы құрылыс 8 сәуір аяқталады

53

Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары 8 сәуірде аяқталады. Ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, қазір жанар-жағармай қоры жеткілікті әрі тапшылық болмайды. Бірақ жүргізушілер қазірдің өзінде сұйық отынның жетіспеушілігі анық сезіліп отырғанын айтады.

Көлік жүргізушісі Тимур Пайзахметов 5 жанармай құю бекетін аралап, дизель отынын таппады. Айтуынша, қазір тапшылыққа байланысты дизель отыны жеке тұлғаларға берілмей жатқан көрінеді. Яғни, арнайы талонды талап етеді дейді.

Тимур Пайзахметов, көлік жүргізуші: «Мен дизель отынын алуға барғанда, жетпей жатқанын айтты. Сол үшін талоны барларға ғана сатып жатыр екен. Ал талонды қайдан алуға болады деп сұрағанда, жекеменшіктерге талон берілмейді деп жауап берді. Бұл мәселе 8-9 күннен бері шешілмей келеді».

Ал ұлттық компания өкілдері зауытта жоспарлы жөндеу жұмысы басталғанға дейін дизель отыны артығымен шығарылғанын айтады. Шамамен 29 мың тоннаға жуық дизель отыны жиналған. Бірақ қазір егіс науқаны қызу жүріп жатқандықтан шаруаларға жанар-жағармай беруге басымдық берілген көрінеді.

Дмитрий Макеев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
«Резервте шамамен 29 мың тонна жанармай, сондай-ақ 30 мың тоннаға жуық АИ-92 бензині бар. Иә, дизель отынмен қамтамасыз етуде шаруаларға басымдық береміз, бірақ дизель отынын бөлшек саудада беруде қандай да бір қиындықтар бар-жоғын құзырлы органдарға хабарласып тексеріп көреміз. Бізде қор жеткілікті және біз тапшылық болады деп ойламаймыз».

Ал Шымкент әкімдігі тапшылық санаулы күнде шешіледі дейді. Сондай-ақ енді жанар-жағармай құю бекеттері мен алыпсатарлар мемлекеттік орган өкілдеріне мән-жайды түсіндіруі қажет болады.

Ілияс Есжанов, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы: «Иә, бізде аздаған тапшылық байқалады. Қазір біз фермерлер мен ауылшаруашылық кәсіпорындарына басымдық беріп отырмыз. Алдағы екі күнде мәселе шешіледі».

Жанармай мәселесіне қатысты проблема әр көктем сайын қайталанып келеді. Былтыр да Шымкентте дизель отын тапшылығы байқалып, жүргізушілер сағаттап кезекте тұрған еді. Тек талонмен, белгілі бір өлшемде жанармай құйылған болатын. Бірақ енді дизель отыны жеткілікті бола тұра, шектеу қоюға тыйым салынады. Барлық жанармай құю бекеттеріне ескерту хабарламасы жіберілген. Егер заңбұзушылық қайталанса, компаниялар лицензиясынан айырылуы мүмкін.