Шымкентте өңіраралық инвестициялық форум өтті

67

Шарада Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының инвестициялық әлеуетін арттырып, экономикалық даму қарқынын күшейту жайы, өңіраралық инвестициялық форумда сөз болды. Мегаполисте өткен маңызды жиында сондай-ақ, жоғарыда аталған өңірлердің өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Шымкентте Үнді инвесторлары заманауи үлгідегі 300 орындық клиника салуды көздеп отыр. Сондай-ақ, болашақта мегаполисте әлемдік брендтегі Хилтон қонақ үйі де бой көтеруі мүмкін. Бұл туралы «SHYMKENT INVESTMENT – 2023″ өңіраралық форумында айтылды.

Жалпы форум аясында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша шетелдік және отандық компаниялар мен 14 меморандумға қол қойылып, 364 млрд теңгенің келісім шарты түзілді. Қазір өңірде инвестициялық жобаларды іске асыруға адами ресурс жеткілікті. Әрі экономика да қауқарлы. Осылай деген қала әкімі Мұрат Әйтенов инвесторлар үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.

Өңіраралық инвестициялық форумға шетелдік әлеуетті инвесторлар мен отандық бизнес-қауымдастық өкілдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар, сондай-ақ, қаржы институттары қатысты. Олар өздерінің жобалары жайында сөз қозғап, мүмкіндіктерін таныстырды.

Саркор Исонбаев, кәсіпкер: «Өзбекстандық Дентафил компаниясының Шымкентте жұмыс істеп келе жатқанына жылға жуықтады. Жобамыздың бірінші кезеңі бойынша 3,5 млн доллар инвестиция жұмсалса, екінші кезең бойынша 9,7 млн доллар жұмсалады деп жоспарлануда. Алғашқы кезең бойынша біз жақпамайлар өндірдік. Ал келешекте ампулалар мен имфузиялық ерітінділер шығаруды көздеп отырмыз».

Биыл Шымкентке 750 млрд теңге инвестиция тарту жоспарда бар. Жалпы жыл сайын үшінші мегаполистің инвестициялық әлеуеті артып келеді. Мәселен, қала республикалық маңызы бар қала атанған жылы небәрі 194 млрд теңге инвестиция тартылса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 560 млрд теңгеге жеткен.