Дүкеннен «Merci» шоколадтарын жымқырған азамат ұсталды

65

Жоғары сұрыпты жеңсік шоколадтарды тегін алғысы келіп, құнын төлемей кеткен. Оқиға Шымкент қаласындағы сауда орындарының бірінде, кешкі уақытта орын алды.

Бұл жайт бойынша 2023 жылдың 28-наурызында, Әл-Фараби ауданының Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы ірі сауда орталығында басшылық қызмет атқаратын азамат арызданған. Ол арызында, бөгде ер адам дүкеннен әрқайсысының құны 2195 теңге тұратын 17 дана «Merci» маркалы шоколадты жасырын түрде жымқырып, оқиға орнынан бой тасалағандығын жазып көрсеткен. Жалпы келтірілген шығын –37 315 (отыз жеті мың үш жүз он бес) теңгені құраған.
Аталған жайт ҚР ҚК-тің 187-бабы 1-бөлігімен (Ұсақ-түйек жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Сұрастыру жұмыстары қолға алынып, дүкендегі және оған жақын маңайдағы бейнебақылау камералары жіті қаралды.
Нәтижесінде, күдікті азаматтың жеке басы анықталып, тәулік ішінде ұсталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы -47-де, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған. Қазіргі кезде ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, заңсыз әрекетке қаражаттан қысылғандықтан барғанын жеткізді.
Яғни, ұрланған шоколадтарды көтерме арзан бағада сатып, одан пайда таппақ болыпты. Белгілі болғандай, күдікті тәттілерді жеп те, сатып та үлгермеген. Тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.