Ғашықтар күні. Шымкентте жарасымды жұптар сайысқа түсті

148

15-сәуір – Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні. Ғашықтар күніне орай Шымкентте «Бозбала мен бойжеткен-2023» байқауы өтті.

Дәстүрлі сайысқа қатысу үшін биыл 30-дан аса жұп ниет білдірген. Ал финалдық кезеңде әр жоғары оқу орнының үмітін үкілеп 8 жұп бақ сынады.  4 кезеңнен тұратын байқауды өткізудегі басты мақсат – жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүрді насихаттау дейді ұйымдастырушылар.

«Бұл байқау жастарға қазағымыздың салт-дәстүрін дәріптеу, отбасылық құндылықты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осыдан 10 күн бұрын арнаулы ЖОО арасында осы сайыс өтетінін хабарлап, 30-дана аса жұп өтініш білдірді»,-деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов.

Ақсезім мен Даниял бүгінгі додада ең үздік жұп атану үшін барын салып үлкен дайындықпен келген. Уақыт аз болғанына қарамастан жарысқа жауапкершілікпен қараған жарасымды жұп өздері оқитын жоғары оқу орнының намысын қорғайды. Өнер сайысында қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін қойылым қойған қыз-жігіт таныстыру кезеңінде-ақ көпшілікті таңдай қақтырды.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар екенін және дәл бүгін өнерде өз өмірімнен өткен әжеме деген монолог көрсететін боламын. Және де Даниял сол жерде ана туралы, әже туралы өлең айтатын болады… Алланың қалауымен жеңіп шығармыз, Алла абыройын берсін. Бұйыртқаны болады»,-деді байқау қатысушылары Ақсезім  Әділбекқызы  мен  Даниял Мұхаммадұл.

Үміт ақталып, ОҚМПУ-нің атынан қатысқан Ақсезім мен Даниял үздік жұп атанып, 1-орын иеленді. Ал екінші орынға Орталық Азия университетінің жұбы қол жеткізіп, М.Әуезов атындағы ОҚУ жастары үшінші орынды місе тұтты. Сондай-ақ, қатысушылардың арасынан ең жарасымды, өнерлі, креативті жұптар да анықталды. Ал байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.