«Интернет жоқ»: Үкіметке 5 мыңға жуық адам шағымданды

49

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру және инфляцияны төмендету жөніндегі кешенді шаралар қаралды. Сондай-ақ үкімет басшысы тұрғындардың интернет жылдамдығына көңілі толмайтынын айтты. Өйткені, жыл басынан бері осы мәселе бойынша үкіметке 5 мыңға жуық адамнан шағым түскен.

Үкіметке жыл басынан интернет жоқтығына байланысты 5 мыңға жуық шағым түскен. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді. Айтуынша, арызданғандардың басым бөлігі интернет пен байланыс жылдамдығының төмендігіне наразы. Тіпті, ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ деп шағым білдіргендер бар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер министрі: «Адамдар байланыс пен интернеттің бар болуына ғана қанағаттанбайды. Біз бұл кезеңнен өттік. Бізге сапалы байланыс пен жоғары жылдамдықты Интернет қажет. Халық тарифтерді толық төлейді, сондықтан олардың талаптары толығымен орынды. Операторларға қымбат инфрақұрылымға инвестиция салғанша, анықталған заңбұзушылықтар үшін айыппұл төлеу оңайырақ. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек».

Сондай-ақ, үкімет басшысы байланыс операторларының жауапкершілігін арттыра отырып, ел аумағында байланыс сапасы мен интернет жылдамдығының мониторингін күшейтуді тапсырды.

«Мобильді интернетке қызмет көрсету байланыс операторларының міндеттемелеріне неге кірмейтіні мүлдем түсініксіз. Интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшейтін құралдар жоқ немесе жетіспейді. Инспекцияның өзі жол бойындағы және елді мекендердегі интернет жылдамдығын өлшей алмайды. Бұл мәселені шешу қажет. Қазіргі таңда адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Олар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан сапалы қызметті талап етуі орынды»,-деді үкімет басшысы.

Бұл проблеманы шешу мақсатында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Жобаның мақсаты – халықты 100 Мбит/с жоғары жылдамдықтағы Интернетпен қамтамасыз ету. Егер жоба жүзеге асса, 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75 пайызы және облыс орталықтарының 60 пайызы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі. Ал қазір халықтың 77 пайызы интернетке қосылған.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
«Қазақстанда 6 406 елді мекен бар, оның 4 974-і, яғни 77 пайызы мобильді интернетке қосылған. 2 928 елді мекен – 4G-ге қосылған, 2 046 НП – 3G технологиясымен қамтамасыз етілген. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қосымша 241 АЕМ интернетке қосылды және 1 059 АЕМ-де сапа жақсартылды. Байланыс сапасын арттыру мақсатында біз жыл сайын «базалық станциялар» санын көбейтудеміз. Бүгінгі күні біз 41 мыңнан астам «базалық станция» орнаттық»

Әлихан Смайылов министрге ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды, жыл соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін «Kaznedra» платформасын іске қосуды тапсырды.