Кәсіпкерлер палатасында ағзаға күшті әсер ететін дәрілік заттардың заңсыз айналымы қаралды

65

Ағымдағы жылдың 14-сәуірде Шымкент қаласындағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Денсаулық сақтау саласы комитетінің отырысында мүдделі мемлекеттік органдар және кәсіпкерлік нысандарының қатысуымен денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар, заңнамалық өзгерістер мен өзекті мәселелер қаралды.

Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті тарапынан Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков және аға жедел уәкілі полиция майоры Жанболат Жанатбекұлы қатысты.
Күн тәртібіндегі сұрақ бойынша сөз сөйлеген полиция майоры Бауыржан Карбеков, өткен жылдары дәрілік заттардың рецептісіз босатылуына қатысты мәселені қозғап, бірқатар заң бұзушылықтардың орын алғанын атап өтіп, қабылданған шаралар туралы баяндады.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 20 наурыздағы №240 Қаулысымен енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, «Трамадол», «Этизолам» және «Кетамин» заттары психотроптық заттардың тізіміне енгізілгенін, оның заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.
Кәсіпкерлік нысандарының иелері мен медицина және фармацевтика саласының өкілдері аталған өзгерістерді назарға алып, осы заң талаптарын ұстану қажеттілігі қаншалықты маңызды екендігін жеткізді.