Түркістан облысының 5 жылдығына орай өтіп жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Ордабасы ауданының мәдениет күндері жалғасып жатыр.
Шараның екінші күнінде Этноауылда арқан тарту, қазақ күресі, гір тасын көтеру, асық ату, ләңгі ойнау, т.б. ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.
Ордабасылықтар қазақтың ұлттық тағамдар көрмесін жасақтап, қала тұрғындары мен қонақтарына жергемтөс, қарын бүрме, өрметөс секілді ерекше ас түрлерін ұсынды. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты ашамайға мінгізу, қыз ұзату, сырға салу, бесікке салу, тұсаукесер және құрсақ той көріністері сахналанды.
Шара соңындағы ауданның жас өнерпаздарының концерттік бағдарламалары көпшіліктің назарын аударды.
Ордабасы ауданының мәдениет күндерін ертең кешкі сағат 19:00-де «Visit Turkistan» орталығы алаңында аудан өнерпаздарының қатысуымен өтетін Гала-концерт қорытындылайды.