Түркістан облысы Жетісай ауданында 9-сыныпта оқитын оқушы сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны бола жаздады. Жас қызға арам пиғылын жасамақ болған күдікті көршісі екен. Сорақысы сол, ер кісі жасөспірім қызға бұған дейін қырындап, түрлі СМС-тер жазған екен. Бұл жағдайды естіген ауыл тұрғындары ер кісінің заң аясында жазасын алып, ал оның отбасы ауылдан көшіп кетуін талап етіп отыр.
Жаға ұстатарлық оқиға 16 сәуір, жексенбі күні тапа-тал түсте болған. 14 жасар оқушының анасы OTYRAR тілшісіне болған жайт туралы толығырақ айтып берді.
6 балалы әйелдің айтуынша, күдікті деп отырған көршісі балалары, немересі бар ер кісі. Жұмыстан бос уақытында ауыл арасында таксист боп жүреді екен. Жексенбі күні үлкен ұлына шалбар алу үшін аудан орталығына шыққан әйелді сол көршісі орталықтағы базарға жеткізіп салыпты. Ал сұмдық оқиға оқушының анасы базарда жүрген кезде болған.
«Базардан қайтар кезде телефонымды қолыма алсам, қызым бірнеше рет қоңырау шалыпты. Сол аралықта енем хабарласып, болған жайтты айтып берді. Қызым маған түсе алмаған соң апасына жылап хабарласқан. Естіп алып, төбемнен жай түскендей болдым. Көрші тұратын келінім бар еді. Онымен сөйлесіп, мен келгенше қызыма бас-көз болуын сұрадым»,-деді көпбалалы ана.
Алып-ұшып үйіне келген жетісайлық анаға қызы болған жайтты бүге-шүгесіне дейін айтып берген.
«Көршіміз менің үйде жоқтығымды біліп отыр ғой. Күйеуімнің де жұмыста екенін біледі. Соны пайдаланып, алдымен қызымнан айран, сүт, сосын сылтауратып су сұрапты. Жаздық ас үйге кіріп, су алып бермек болған қызыма тап берген. Бар күшімен құшақтап, ернінен сүйген. Бетін, мойнын аймалаған. Зорлауға шақ қалған. Қызым үйде жүрген 3-сыныпта оқитын сіңлісін бар дауысымен айқайлап шақырған. Ол келген бойда әлгі көршіміз кетіп қалған. Қызымды бір Құдай сақтап қалды»,-деді ашынған ана.
Жетісай тұрғыны бұл туралы алғашында күйеуіне айтуға жүрексініпті. Не дегенмен ер адамға ауыр тиеді деп ойлаған. Кейін қайын інісін шақырып, отағасын хабардар еткен. Полицияға арыз жазған. Тергеуші анасының қатысуымен қызды және күдіктіні беттестіріпті. Жәбірленушінің анасы сол кезде көршісі жасаған ісін, зорлауға оқталғанын мойындады деп отыр. Полиция экспертизалық сараптама жасаймыз деп қыздың киімін алып қалған.
«Полиция көршімізді сол кезде қамауға алған болатын. Бірақ кейін босатып жіберіпті. Тіпті қыздың киімін экспертизаға әлі жібермеген. Тергеушіге күн сайын хабарласамын. Нақты дәлелді тауып алайық, сосын қамаймыз деп айтты. Ал мен ол бостандықта жүргенде қызымды зорлап қоя ма, кесірі тиіп кете ме деп қорқамын. Қызымды күндіз-түні күзетіп жүрміз. Апайына хабарласып, «Келді ме?», «Сабақтан қайтты ма?» деп отырамын. Мектепке барып, қайтарда да ұлым қасында жүреді»,-деді ол.
Қазіргі таңда 9-сынып оқушысымен мектеп психологтары жұмыс істеп жатыр. Қыздың үрейі басым. Түнімен шошып шығады, қатты қорқып қалған.
Жәбірленушінің анасы көршісі бұған дейін де қызына ерсі қылық көрсетіп, қырындап келгенін айтты. Бірақ ол туралы осы жағдайдан соң бір-ақ біліпті.
«Ол (күдікті: автор) бұған дейін қызыма «Мен сені жақсы көремін», «Мен саған керекпін бе?» деп кәдімгі жігіттің қызға қырындап жазатын хаттарын жазған екен. Түрлі «стикерлер» жіберген. Қызым оның нөмерін бұғаттап тастапты. Ал маған айтуға қысылған, ыңғайсызданған екен. Бірақ сол базарға кететін күні «Бармай-ақ қойыңызшы» деп өтініп еді. Сөйтсем үйде менсіз қалғысы келмеген екен ғой. Оны енді түсініп отырмын»,-деді Жетісай тұрғыны.
Полицияға арыз жазылған соң күдіктінің туыстары жәбірленушінің үйіне қайта-қайта кешіріммен келіпті. Тіпті «шайтан қаққан, білмей қалған» деп мазаларын алғанға ұқсайды.
Оқушының анасының айтуынша, бұл жағдайды естіген ауыл халқы аяқтан тік тұрған. Бүгінде қыз өсіріп отырған тұрғындар күдікті жазасын алып, ал оның отбасы ауылдан көшіп кетуін талап етіп отыр екен.
«Ол біздің ауылға осыдан біраз жыл бұрын басқа жақтан көшіп келген. Ол жерде де осыған ұқсас оқиғамен тұрғындар шу көтеріп, көшіртіп жіберген екен. Оны енді естіп жатырмыз… Мына жағдайдан кейін енді біздің ауыл халқы ашуға булығып, «көшіп кетсін» деп отыр. Бәрі де қыз өсіріп отыр. Бұрын алаңсыз үйінен шығып кете беретін көршілер енді ауылдан шыға алмай қалдық дейді. Оның туыстары бұл отбасыны 2 күнде ауылдан көшіртіп алып кететінін айтты. Ал әйелі «Көшетін болсам, күйеуім қамалмасын» деп шарт қойыпты. Мен ешкімге кешірім бермеймін. Себебі мұндай адамдар қамалып, шекесіне тию керек. Тимесе, ертең тағы бір қыздың сорына қалуы мүмкін»,-деді жәбірленушінің анасы.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер бұл оқиға бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартып, кейінірек толық мәлімет беруге уәде етті.