Шымкент қаласының бюджеті алғаш рет 613 млрд теңгеге жетті

85

Шымкенттің 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Сегізінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясысында үшінші мегаполис бюджеті 533 млрд теңгеден 614 млрд теңгеге жеткені белгілі болды. Сондай-ақ сессия отырысында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үшін үстемақы белгілеу шешімі қабылданды.

Шымкентте жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымда жұмыс істейтін қызметкерлерге үстемақы төленеді. Бұл туралы сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс екінші сессиясында талқыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев 70 мың теңге көлемінде айлық алатын азаматтарға бұл қаржы жеткіліксіз екенін айтады. Сондықтан  жалақыға қосымша үстемақы төлеуді ұсынып отыр.

Ерлан Есқараев, Шымкент каласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
«Осыған орай мемлекеттік ұйымдарға талдау жүргізіліп, жалақысы 70-80 мың тг көлеміндегі төмен жалақы алатын қызметкерлерге үстемақы тағайындау ұсынылып отыр. Жалпы 17 мыңға жуық қызметкердің жалақысы шамамен 20 мың теңгеге көтерілетін болады».

Бұл ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапты. Осылайша үшінші мегаполисте 17 мың қызметкер қосымша үстемақы алатын болды. Сондай-ақ кезектен тыс екінші сессияда Шымкенттің 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Үшінші мегаполис бюджеті 533 млрд теңгеден  614 млрд теңгеге жетті.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

«Бюджеттің басым бөлігі қаланың өзекті мәселелерін шешуге, халықты тұрғын үймен қамтуға және инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалады. Сондай-ақ бүгінгі басқосуда жергілікті бюджеттен жалақысы төмен азаматтық қызметшілерге үстемақы төлеу шешімі қабылданды. Бөлінген қаражат пен межеленген жоспарлар қала тұрғындарының табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға бағытталатын болады».

Сонымен қатар сессия отырысында жергілікті тұрғындардың пікірі аясында 139 көше, 13 білім беру ұйымдары мен кітапханаға атау беру бойынша Үкімет жанындағы ономастикалық комиссияға ұсыныс енгізу туралы шешім қабылданды. Шымкенттің бас ұстазының айтуынша, атау берудің басты себебі — бір аттың бірнеше рет қайталануында. Сондай-ақ қалада әлі де бірқатар атау берілмеген білім беру мекемелері бар.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:
«Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанған жылы Сайрам, Төлеби аудандарынан қосылған білім беру ұйымдарының атаулары екі рет қайталанған мекемелер көп болатын. Әсіресес, мынау Дінмұхамммед Қонаевтың, Абай, Фариза Оңғарсынова сияқты атаулары қайталанған».

Айта кетейік, сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс екінші сессиясында жалпы күн тәртібіндегі 8 мәселе қаралды. Қала халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, шешім қабылданды. Сессия отырысына 32 депутат қатысты, оның үшеуі онлайн режимде дауыс берді.