Шымкенттегі Әйтеке би көшесінде жолдың күрделі құрылысы ұзаққа созылып кетті,- дейді жергілікті тұрғындар. Ескі қалашықта кәсібін дөңгелеткендер «жабылған жол бизнесімізге кері әсер етуде, салдарынан банкроттыққа ұшырадық» деп наразылығын білдірді.
Ал мердігер мекеме жолдың бұл бөлігіндегі құрылыс жұмыстарына қызыл сызықта салынған нысандар кедергі келтіріп отырғанын айтады. Қала халқы үшін маңызды бұл жол құрылысы қашан аяқталады?
Ескі қалашықтағы коммерциялық нысандардың бірінде сауда жасайтын Гүлнар жол құрылысының салдарынан несиемді төлей алмадым, салдарынан кепілге қойылған баспанамды банк тартып алуы мүмкін дейді. Енді 12 немереммен қайда барамын деп шырылдаған ол құрылыстың аяқталуын күтіп шаршағанын айтады.
Жол құрылысының машақатымен осы төңіректе тұратындар жақсы таныс. Көшіп кетейін десек, жағдайымыз жоқ, амалсыздан ыңғайсыздықтарға төзіп келеміз дейді Алмагүл Айбекова.
Алмагүл Айбекова, қала тұрғыны: «Қала әкімдігінде болдым, құрылыстың ескі қалашықтағы бөлігі 3 айда бітеді деген еді. Үшінші топтағы мүгедекпін, жүруі қиындап кетті. Көршілеріміз балалары үшін алаңдайды».
Құрылыстың кешігуіне тағы бір себеп, жер астындағы коммуникация жүйелері де бастапқы жобалық-сметалық құжатта ескерілмеген. Сондықтан биыл бас
құжатқа түзетулер енгізіліп жатыр.
Жобалық-сметалық құжат бойынша нысан 2024 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Құжатқа енгізілетін түзетулерді қарастыруға да мерзім керек, мақұлданса құрылысты аяқтау мерзімі өзгеруі мүмкін,- дейді мердігер.