Шымкентте 73 қыз кәмелетке толмай жүкті болған

177
фото Отырар.кз

Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік. Бұл бүгін қала әкімдігінде өткен жиынның басты мәселесі. Отырыста небәрі 5 айдың ішінде Шымкентте 55 кәмелекетке толмаған қыздың босанғаны айтылды. Елімізде белең алып бара жатқан проблеманың басты себебі не?

Шымкентте жыл басынан бері 73 кәмелетке толмаған қыз бала көтерген. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары мәлімдеді. Олардың сөзінше небәрі 5 айдың ішінде 17 жастағы 38 жасөспірім босанған.

Сәуле Дүйсенбаева, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «2024 жылы 5 айда қала бойынша босанған жасөспірімдер саны — 55. 2023 жылы 54 болған. 2024 жылы 5 айда қала бойынша РСБ порталынан босанған жасөспірімдер саны 44. Оның ішінде 15 жасқа дейінгі — 1, 16 жаста — 5, 17 жаста — 38»

Кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік бүгінгі жиынның басты мәселесі. Қатысушылар бұл белең алып бара жатқан проблеманың себебі тәрбиенің бұзылуы деп отыр. Ерте жүктілік мәселесі Астанада өткен ұлттық комиссияның отырысында да көтерілген еді. Елордадан келген комисия мүшесі тәрбиені балабақшадан бастау керек дейді.

Айнұр Жүгінісова, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі: «Ұлттық комиссияның отырысында айтылды, ерте жүктілік бойынша Ақтау қаласы 1-ші орында тұр. Зорлық-зомбылық және осы ерте жүктілік мәселесі бойынша сіздер 2-ші орында тұрсыздар. Жұмысбасты боламыз деп, ұрпақ тәрбиесін ұмытып жатырмыз. Ал, оның алдын алу үшін балабақшадан басталатын бағдарлама енгізу қажет. Қазір енді жас буындарды жөндеуге болатын шығар, алайда есейіп кеткендерді жөндеу қиын»

Статистикаға сүйенсек, елімізде орта есеппен 100 қыздың үшеуі кәмелетке толмай жүкті болады. Мамандар ерте жүктіліктің алдын алу бойынша түрлі бағдарламаның жүргізіліп жатқанын айтады. Алайда, нәтижесі әлі де көңіл көншітпей отыр.