Жол сапасына талап күшейеді

19

Қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің үлесі 71,2 пайызға жетті. Бұл былтыр атқарылған жұмыстың нәтижесі дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы. Оның сөзіншен енді жол сапасына қатысты талап күшеймек.

Жол сапасына қатысты талап тек құрылыс жүргізетін мердігерлерге ғана қатысты емес. Енді қосалқы мердігер компания және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар мен жобалаушы мекемелердің жұмысы да қатаң қадағалауға алынады. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов айтты.

Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Келісімшарттағы міндеттерді орындамаған мердігерлерге 3 млн теңге айыппұл салынды. Техникалық қадағалау бойынша 731 мың теңге, ал жобалаушы мекемеге салынған 99 мың теңге сомасындағы айыппұл өңдеп алынды. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, орташа жөндеу жұмыстары бойынша  конкурс жарияланғанда  кепілдік  мерзімі- төрт жыл,  күрделі жөндеу, қайта құру бойынша 7  жылға бекітілді. Бұл жауапкершілікті арттырады».

Үш мың шақырымнан астам автомобиль жол болса, оның екі мың шақырымнан астамына асфальтбетон төселген. Жауаптылар көше жолдарына қатысты мәселе көп дейді.

Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Шымкентте ішкі орам көшелері көп. Енді шағынаудандарда және тұрғын алаптарындағы жолдарды жөндеу үшін бес-алты, онға дейін көшелерді біріктіріледі. Құрылысты  бір мердігер жүргізеді».

Айта кетейік, былтыр 233,8 шақырымды құрайтын 255 нысанға орташа жөндеу жүргізілген. Жыл соңына дейін 222 шақырым жолдың жөндеу жұмысы аяқталған. Ал, қалған 11,8 шақырымды құрайтын 9 нысан 2024 жылға өтпелі.