Шымкент полицейлері қоғамдық көліктерде мастурбация жасап, оқушы қыздарды шошытып келді деген күдікпен ер адамды ұстады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіндегілер хабарлады.
«Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қоғамдық автобустарда өзін-өзі қанағаттандырған күдіктіні ұстады. Ол Шымкент қаласының 1989 жылы дүниеге келген тұрғыны болып шықты» делінген мәліметте.
Полицейлер жас жігіт жасаған ұқсас екі қылмыс жайтын тіркеді. Екі жағдайда да оның әдепсіз әрекеттеріне кәмелет жасына толмаған қыздар куә болған. Қазіргі таңда ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Еске салсақ, біз бұған дейін автобуста белгісіз ер кісінің мастурбация жасап, мектеп оқушысын шошытқаны туралы жаздық. Оқиға 14 сәуір күні №52 бағыттағы қоғамдық көлік ішінде күндізгі уақытта болған. Араға бірнеше күн салып осыған ұқсас оқиға тағы қайталанды. Әлеуметтік желілерде автобуста отырған ер кісінің түсініксіз әрекетінің видеосы тарап кетті. Видеоны 12 жасар оқушы қыз түсіріп алған. Анасының айтуынша, ер кісі қызының көзінше қоғамдық көлік ішінде мастурбация жасаған.
Күні кеше полицейлер ер адамның жеке басы анықталғанын, алайда әлі ұсталмағанын айтқан болатын.