Танымал имам Қадір түнінде қандай дұға оқу керектігін айтты

1810

Қасиетті Қадір түнінде қандай дұға айтқан дұрыс? Белгілі имам Нұрлан қажы Байжігітұлы Қадір түнінде оқылған қандай дұға адамның тікелей тағдырына әсер ететінін айтты. Бұл туралы имамның Youtube арнасына жүктелген видеода айтылған.

«Қадір түнінде барлық періштелер жерге түседі. Қадір түнін жобалап аламыз осы күн екен деп, бірақ шын мәнінде қай күні екенін бір Алла біледі. Десе де халықтың ниетіне қарай Рамазан айының соңғы 10 күндігінің ішінде, оның ішінде тақ күндердің ішінде, оның ішінде бүгінгі күнді Қадір түні деп алсақ, бар білген дұғаңызды қалаған тіліңізде оқи беріңіз. Бар арманыңызды Жаратқанға айтыңыздар. Өйткені бұл — Алламенен сырласатын түн, тағдыр түні, құдірет түні, келешек өмір түні»,-деді имам.

Өз сөзінде дін өкілі Мұхаммед Пайғамбарымыздың өзі үйретіп кеткен дұғасы бар екенін айтты.

«Десе де Мұхаммад Пайғамбарымыз өзі үйреткен дұғасы бар. «Иә, Аллаһым, Жаратушы ием! Сен кешірімдісің, жомартсың. Кешіргенді жақсы көресің. Ендеше мені кешірші» деген дұға. Сондықтан баршаңыз қазақша тілектің алдына, ортасына, соңына қарай жиі-жиі осы дұғаны айтыңыздар. Бұл дұға сіздің өмірлік тағдырыңызды, келесі жылғы тағдырыңызды реттейтін дұға. Қабыл болсын» деп сөзін түйді Нұрлан қажы Байжігітұлы.

Еске салсақ, бұған дейін сәуірдің 17-сінен 18-іне қараған түні қасиеті Қадір түні екенін, бұл түннің белгілері екі топқа бөлінетіні туралы жаздық.