Түркістанда инфляция көлемі 4% жуық төмендеді

42

Түркістанда инфляция көлемі 4 пайызға төмендеді. Қазір бағаны тұрақтандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ол үшін әлеуметтік дүкендер санын арттырып, сауда орталықтарымен меморандум түзілген. Облыс басшысы азық-түлік бағасын бірқалыпты ұстау үшін мамандарға үздіксіз мониторинг жүргізуді тапсырды.

Түркістан облысында инфляция көлемі 4 пайызға төмендеді. Қазір аймақта бағаны тұрақтандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Маусымдық өнімдер бағасын бірқалыпты ұстап тұру үшін кәсіпкерлермен форвордтық келісімдер жасалған.

Қанат Шонбасов, Түркістан облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Өнім бағасын тежеу бойынша ТО алдыңғы бестікке кірді. Азық-түлік өнімдерінің инфляциядағы үлесі үлкен. Бағаны тұрақтандыру бойынша соңғы 2 айда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде инфляция 21 пайыздан 17 пайызға төмендеді. Қазір ақпаннан маусым аралығы маусымдық өнімдер шығатын кезең. Соған сәйкес кәсіпкерлермен форвордтық келісім жасалды»

Рухани астанада азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкен санын арттыру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде қала тұрғындарына 13 дүкен қызмет көрсетеді. Оған қоса алдағы уақытта заманауи форматтағы 37 нысан іске қосылады. Облыс басшысы күнделікті тұтынатын өнімдерге әр аудан жеке-жеке тұрақты тексеріс жүргізуді тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Баға тұрақтандыру ахуалын байыпты түрде бақылауда ұстау, оның негізсіз көтеріліп, бейберекет кетуіне тосқауыл қою аса маңызды. Бұл жұмыстарды ұдайы назарда ұстап, туындаған жағдайларға қатысты жедел шаралар көрілу керек. Оны қайталап айта берудің өзі артық. Мониторинг жүргізумен шектелмей, нақты нәтиже көрсетіңіздер»

Шаһарда 25 ірі сауда орнымен азық-түліктерге үстемақыны 15 пайыздан асырмау туралы меморандум түзілді. Сала жауаптылары әр кезең сайын дүкендерге мониториг жүргізіп жатыр. Нәтижесінде өнімдер бағасы 7-10 пайызға төмендетілген.