Түркістандық шаруалар жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай келеді

Түркістан облысының шаруалары төмендетілген пайызбен несиеге қол жеткізе алмай келеді. Өткен күзде өткізген мақталарының ақшасын ала алмаған диқандар енді көктемгі егісті де бастай алмай отыр. Жетісайлық жұрт 2-3 айдан бері микроқаржы ұйымының есігін торуылдап келеді. 

Ғалымжан Әлдібашев биыл жеті гектар жеріне бірде бір дән салған жоқ. Мақташы ауылындағы жеріне жыл сайын мақта егетін диқан кейінгі 2 жылда өткізген өнімінің ақысын ала алмай келеді екен. Енді, салдарынан, тіпті жер жыртуға да қаражат таба алмай отыр.

Ғалымжан Әлдібашев, шаруа: «Жер бір жарым ай бұрын айдалу керек еді. Кемі екі ай бұрын айдалу керек еді. Қазір айдап сор шаю керек еді. Ол қазір кешігіп жатыр. Ақша жоқ. Жеңілдік бойынша жанар-жағар май келді. Оны да ала алмай отырмыз. Өткен бір айдікі күйіп бітті.»

Қара жерге соқа сала алмай отырған Жетісай мен Мақтаарал ауданының шаруалары төмен пайызбен несие алуға шағын қаржы ұйымына құжат тапсырған екен. Алайда, мекеме қағазбастылыққа салған соң, қаңтар айынан бері қаражатты ала алмай жүрміз дейді. Шаруалардың біріне құжат толық емес десе, енді бірінің жер көлемі кем.

Абдулла Шарапов, шаруа: «Қаңтардан бастап тапсырғанмын. Содан келісім-шартты қайта алды. Бір қойғанда 20-30 жерге қол қоясың. Екі нұсқа болса, 50-60 жерге қол қоясың. Шаруаға қиын болғанда өте қиын.»

Марат Бұхаров, Жетісай аудандық мақташылар мен диқаншылар қауымдастығының төрағасы: «Бір аптадан кейін кел дейді. Бір аптадан кейін келсе, ана құжатты көреді де, тағы ана құжатың келмеген деп тағы да бір аптаға созып жібереді. Сөйтіп, мына күндері өтіп бара жатыр. Мақтаны егетін уақыт өтіп бара жатыр.»

Көктемгі егіске қаражат таппағандар енді несие ала алмай әлек. Олар, егер күздегі мақтаның ақшасын алсақ, бұлай алақан жайып қалмас едік деп қынжылады.

Мейірбек Алуашев, шаруа: «Екі млн-нан аса ақшам бар. Бермейді. Күніге барамыз. Басшылары әне алдайды, міне алдайды. 15-наурызда құтыламыз деді. Одан 1-сәуірде құтыламыз деді. Енді сәуір емес, мамыр болып бара жатыр. Әлі берілмейді.»

Несие ұйымындағылар болса, желтоқсан айынан бастап құжат қабылдап жатырмыз дейді. Сондай-ақ, диқандарды жыл сайын әуреге салмау үшін құжаттарды бірден үш жылға жарамды етуді көздегендерін айтады. Сөздерінше, бүгінге дейін 135 адамға 523 млн теңге көлемінде несие беріліпті.

Сабыржан Жақыпов, микроқаржы ұйымының үйлестірушісі: «Биыл мынау мақтаның нашар болуына байланысты бағасының нашар болуына байланысты көп зауыттар ақша беріп жатқан жоқ. Сондықтан көпшілігі осы «Ырысқа» келіп жатыр қазір. Сосын өтінім көп болғаннан соң жетпей жатыр.»

Несиеге сұраныс артқан соң мамандар демалыссыз жұмыс істеп жатырмыз дейді. Екі ауданның шаруаларын қоса алғанда 1 млрд 217 млн теңгені үлестіріпті. Енді қосымша қаражат сұратып, тағы 200-ден аса диқанға несие беріледі деп отыр.