Жарыққа екі есе аз төлейді: Биыл шымкенттіктер электрмен толық қамтылады

65

Электр энергиясы үшін екі есе арзан ақы төлейді. Биылдан бастап шымкенттіктердің барлығы мемлекет тарапынан жүргізілген сапалы жарықты қолданады. Қалалық энергетика басқармасының ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы үшінші мегаполистегі 8 елдімекенде құрылыс аяқталып, электр жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Осылайша, қала тұрғындары бұрынғыдай жеке компанияға артық шығындалмайды.

Электр жарығын қосу жұмыстары тегін жүргізілуі тиіс. Осылай деген Шымкент қалалық энергетика басқармасының бас маманы Есбол Уликов тұрғындар қалтасынан қағылмас үшін, мәселенің мән-жайын ашып айтты. Ол мемлекет тарапынан жарық жүргізілсе, заң бойынша оны қосу да ақысыз болуы керек дейді. Ал кейбір азаматтар шыдамсыздық танытып 5-10 мың теңгеден жинап, электр маманын жалдап жатады. Бірақ мамандар бұл артық шығын екенін айтады.

Есбол Уликов, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы: «Жеке меншік иесі бар, куәліктері бар және госактті «ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесіне тапсырса, ары қарай тұрғындар өз атына счет аша алады. Негізі мемлекет тарапынан Псд-дағы бар нәрсе ол есептеуіш құралмен электрощит негізі мемлекет тарапынан 25 метр, 216 кабельмен беріледі. Ал қосу жағына келгенде Оңтүстікжарықтранзит абоненттеу жұмыстарын жүргізеді. Оның барлығы тегін».

Биыл Шымкенттегі елдімекендердің 100 пайызы сапалы электр жүйесіне қосылады. Яғни, 8 елдімекенде құрылыс аяқталса жарық жүйесінде проблема азаяды. Есесіне тұрғындар, бұрынғыдай жеке компанияға 1 кВт / сағ электр энергиясы үшін екі есе ақша төлемейді. Мемлекеттен тартылған электр энергиясының тариф бағасы: жеке тұлғаларға – 17 тг, заңды. тұлғаларға-35 тг, бюджет. ұйымдарға-39 тг.

Арман Әбдіқалықов, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқарма басшысының орынбасары: «Оның ішінде биыл бізде аяқталатын елдімекендер: Нұрсат, Қайнарбұлақ, Түркістан, Батыс, Тұран, Ақжар қосалқы стансасы және жаңақұрылыс, Бозарық, Асар. Кеше наурыз айында Батыс елдімекені сапалы электрмен қамтылды. 600 тұрғын үйге жарық берілді. Қайнарбұлақты мамыр айында аяқтаймыз».

Айта кетейік, биыл сапалы электр желісін жүргізу үшін қалаға 3,6 млрд теңге бөлінген. Оның 1,9 млрд-ы республикалық бюджеттен болса, 1,7 млрд теңге жергілікті бюджеттен қаралған.