«Жол апаты сабақ болмады». Шымкентте автобус жүргізушісі көптің ашуын тудырды

10154

Шымкентте автобус жүргізушісі көптің ашуын тудырды. Қоғамдық көлік тізгіндеген ер адамның видеосы әлеуметтік желіде пайда болды.

Бейнежазбаны Instagram-дағы @_dobryaki_shymkenta_ паблигі жариялады. Онда қоғамдық көлік тізгіндеп бара жатқан жүргізушінің ұялы телефонымен WhatsApp мессенджерінде отырғанын байқауға болады. Видеоны жолаушылардың бірі түсіріп алған екен.

«Автобус жүргізушілерінің басым көпшілігі осылай жүреді. Бәлкім нақты бір шара көру керек шығар? Тағы қанша адам зардап шегу керек?» деп жазды автор.

Бейнежазбаны көрген желі қолданушыларының көбі жүргізушінің бұл әрекетін қатаң сынның астына алды. Кейбірі өздері куә болған оқиғаларды жазып, енді бірі жолаушы тасымалдайтын көлік жүргізушілеріне жұмыс уақытында ұялы телефон қолдануына тыйым салу керектігін алға тартты.

«Кешегі «Метро»-да болған жол апаты бұларға сабақ болмады», «Автобус жүргізушілерінің 60 пайызы телефонмен отырады», «Жүргізушілердің телефон ұстауына мүлдем тыйым салу керек», «Алла сақтасын, қаладағы автобустар ұшып жүреді. Әйтеуір бір жаққа асығады да жатады. Бақылауға алсаңыздаршы», «Өзім №23 бағыттағы автобусқа бірнеше рет міндім. Адам емес, ағаш тасып бара жатқандай жүреді», «Жауапкершілік мүлдем жоқ», «Кеше №92 бағыттағы көлікте тура осындай жағдай болды. Жүргізуші жолға емес, телефонындағы түрлі чаттардан келген видеоларды қарап отырды», «11 сәуір күні №74 бағытағы жүргізуші рөлде отырып кино көріп келді. Бұл деген таза масқара!» деп жазды желі қолданушылары.

Көптің ызасын тудырған видеоға қатысты Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар пікір қалдырды. Ведомстводағылар мұндай жайттарға бақылау жүргізу бойынша тиісті тапсырмалар берілген деп отыр.

«Қазіргі уақытта басқарма тарапынан көлік компанияларына жүргізуші тәртібін күшейту, көлік жүргізу кезінде темекі шегу фактілерін анықтау, телефонмен сөйлесу, жолаушылармен қарым-қатынас жасау мәдениетін сақтау бойынша күнделікті желілік бақылау жүргізу бойынша тапсырмалар берілді» делінген мәліметте.

Еске салсақ, 8 сәуір күні Шымкентте жүргізуші басқаруынсыз болған №21 бағыттағы жолаушылар автобусы өздігінен жүріп кетіп, 5 адамды мерт қылған болатын. Қазіргі таңда жантүршігерлік жол апаты бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлердің ресми мәліметі бойынша, жүргізуші автобусты жол бойында қол тежегішінде қалдырып, көліктен шығып кеткен. Оқиға болған күні автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Кейінірек қамауға алынған жүргізушінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Ал полицейлер бұл мәліметті жоққа шығарып, ер кісінің уақытша ұстау изоляторында екенін хабарлады.