«Зорламақ болған». Кентауда белгісіз ер адам 11 жасар қызды қан-жоса етіп ұрып кетті

2971

Сұмдық оқиға Түркістан облысы Кентау қаласында 26 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында болған. Оқушы қызды қан жоса еткен ер кісіні көршілер көріп қалған екен.

Бұл туралы «Не молчи» қорының негізін қалаушы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі желі парақшасында жазды. Оның мәліметінше, ер адам жас қызды зорламақ болған.

11 жасар оқушы үйінен дүкенге майонез алу үшін шыққан екен. Үйдің кіре-берісінде әлгі еркек оның жасын сұрап, әдемі екенін алға тартып, құшақтап алған көрінеді.

«Қыз айқайлап көмек сұраймын дегенше ер адам оның тамақ тұсынан қатты қысып, қылқындыра бастаған. Ұрып-соққан. Кейін қызды аулаға алып шығып, ұрып-соғуды жалғастырған. Тіпті таспен басынан, бетінен ұрған. Үйдің артына дейін сүйреп апарып, ұрып-соғуын жалғастырған. Қызға шабуылдаған адам оны зорламақ болған» деп жазды белсенді.

Оқиғаны қыздың көршісі көріп қалған соң ер кісі қаша жөнеліпті. Бұл бойынша полицияға арыз түскен. Дина Таңсәрінің мәліметінше, істі тәртіп сақшылары «Бұзақылық» бабымен тіркеп, күдіктіні босатып жіберген.

Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасындағылар оқушының соққыға жығылғанын растады. Ол жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген.

«26 сәуір сағат 22:00-де бас ми жарақатын алған 2012 жылы туған қыз Кентау  қалалық орталық ауруханасына жеткізілді. Барлық медициналық тексеруден өткен соң науқас травматология бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда сол бөлімде ем қабылдауда. Жағдайы орташа ауырлықта» деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Ал облыстық Полиция департаментіндегілер бұл оқиға бойынша әзірге пікір білдірмеді.

(Фото: Дина Таңсәрінің Instagram парақшасы)