«Спорт маған күш — қуат береді» деген 81 жастағы Тәліпбек Әлжанов жастардан қалыспай әлі күнге дейін пауэрлифтингпен айналысады. Соңғы 33 жылда жеткен жетістіктері де аз емес. Азия Кубогының күміс жүлдегері былтыр Дүниежүзілік жарыстың қола медаліне қол жеткізді.
Ең басты жетістігі — денсаулықтың арқасында немерелеріне, өскелең ұрпаққа салуатты өмір салтын насихаттап келеді. Көпке үлгі бола білген ақсақал жайлы бейнесюжетте.
81 жастағы Тәліпбек Әлжанов аптасына 3 рет залға келіп, 4 сағат спортпен шұғылданады. Ақсақал жастар көтерген салмақты еш қиындықсыз еңсере алады. Өйткені шыныққан дене құрылысым әбден үйренген дейді. Тіпті, демалыс күндері Қасқасу, Сарыайғыр өзенінің бас жағына, тауға шығып өзін тексеріп көріпті.
Тәліпбек Әлжанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менің жасымдағы адамдар, жетпегендері де тұрса да, отырса да ойбайлайды, жүруге ерінеді. Өзі спортпен шұғылданып дене құрылысын қозғалтуға ерінеді. Ол денсаулығын құртып жатқанына көзі жетпейді. Оларды көріп өзіме күш беремін. Таңғы 6 жарымда мен жүгіріп кетемін. 1-2 сағаттан кейін немерелерімді мектепке апарамын. 12-де спорт залға келемін».
Тәліпбек ақсақал 11 жасыма дейін спорттың не екенін білмедім дейді. Тек туып өскен Маятас ауылынан Шымкентке көшкен бойда жеңіл атлетикаға барып, 17-18 жасында бокспен айналысыпты. 3-4 жыл қаратэ секциясына да қатысқан екен. Ал 50 жасынан осы күнге дейін дене жаттығуын бір сәтке тастамаған.
Тәліпбек Әлжанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жас кезімде ауырдым бруцеллез-ревматизммен. Отырып тұра алмай қалдым. Дәрігерлер дәріні үйіп берді. Мен оларды ішпедім. 2-3 қабат шалбар киіп жаз, қыс демей үнемі жүгірдім. 5-6 айда қайта тексерілдім. Дәрігерлер аң — таң қайда ревматизм мүлдем жазылғанмын».
Бүгінде үшінші мегаполисте спорт нысандары көп деген қария жастарды жалқаулықтан аулақ болып, салауатты өмір сүруге шақырады. Өйткені, отанымызға дені сау, қайратты азаматтар қажет дейді. Ал мәдениет саласында бірнеше жыл еңбек еткен Тәліпбек Әлжановтың өмірлік жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз.