Балалар арасында футболдан фестиваль өтті

50

Шымкентте балалар мен жасөспірімдер арасында футболдан фестиваль өтті. Шараға қаламыздағы «өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілері қатысты. Оларға «Ордабасы» футбол клубының жаттықтырушылары мен спортшылары шеберлік сабағын өткізді.

Шымкентте жасөспірімдер мен балалар арасында футболдан фестиваль өтті. Шараға 100-ден аса оқушы қатысты. Соның бірі «№1 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушісі Аружан. Ол мұнда келіп спортқа деген қызығушылығы артқанын айтады.

Аружан, «№1 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушісі: «Бізге бұл спорт ұнады. Біз спортпен айналыссақ деніміз сау болады. Бізге жаттықтырушылар ұнады. Олар бізге түрлі жатығу түрлерін үйретіп жатыр»

Шеберлік сабағында «Ордабасы» футбол клубының жаттықтырушылары мен ойыншылары балаларға қолдау көрсетіп, жаттығу түрлерін үйретті. Оларға күнделікті аяқ жаттығуларын жасатып, жеткіншектердің спортқа деген ынтасын арттыру үшін ойындар ұйымдастырды.

Жеңіс Арыстан, «Ордабасы» ФК-ның жаттықтырушысы: «Біз бүгінгі жаттығуларды басқа жаттықтырушылармен ақылдасып 1 дене шынықтыратын, 1 ойын түріндегі жаттығу түрлерін таңдап алдық. Неге олай десеңіздер балалар 1 жаттығу жасай беріп, шаршап қалады. Олардың ойын аулау үшін бірінші жаттықтырушылардың айтқанымен жұмыс істейді. Кейін еркін ойын түрінде өтеміз».

Фестиваль Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен қолға алынған. Шараға шымкенттік 2 балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысып жатыр. Ұйымдастырушылар осындай кездесулер арқылы жастардың спортқа деген көзқарасын жақсартуды көздейтінін жеткізді.

Наталья Горенко, ҚФФ бұқаралық футбол департаментінің менеджері: «Бұл фестиваль биыл Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен бірінші рет өткізіліп жатыр. Бұл шараның мақсаты – жастардың арасында бұқаралық спорт түрін дамыту. Олардың осы спорт түріне деген қызығушылығын арттыру. Біздің бұл фестивалімізге қатысқан көптеген баланың футболға қызығып, спорт үйірмесіне жазылып жатыр»

Спорттық сайыс осыған дейін Қостанай, Павлодар, Тараз және Алматы қалаларында өтті. Тағылымды шараны алда тағы да бірнеше облыста ұйымдастыру жоспарланған.