Биыл Қаратау ауданында 70 көшеге асфальт төселеді

95

Биыл Қаратау ауданында 70 көше асфальтталып, 38 көшеге шағал тас төселеді. Сондай-ақ 3 елдімекенге кәріз жүйесі жүргізіледі. Бұл туралы қала әкімінің аудан халқымен кездесуінде айтылды. Жиында Мұрат Әйтенов әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардағы кемшіліктерді атап өтті.

“Мемлекет қаржысына салынған дүниеге, мұқият қараңыздар!”. Осылай деген Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов тұрғындарға ренішін жеткізді. Сөзінше, миллиардттаған қаржы бөлініп жасалған дүниелер, көпке бармай бұзылып, сынып жатады. Егер тұрғындар көңіл бөліп қараса, күтіп ұстаса ол зат өздеріне ұзағырақ қызмет етер еді, дейді аудан басшысы.

Рақымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Елдімекендерде одан бөлек, көпқабатты тұрғын үй аулаларында мемлекет тарапынан бюджеттен қаржы бөлініп, кемінде біздің ауданға 1,5 млрд. қаржы бөліп отыр. Осының арқасында сіздерге қолайлы жағдай жасау үшін ойын, спорт алаңшалары одан бөлек орындық, гүлзар, аллея салып беріп жатырмыз. Сынып қалған кезде шығамыз, әлеуметтік желіге саламыз сынып қалды деп. Ал оны кім сындырды, ол қалай сынды, қалай жарамай қалды?! Осының бәрі сол жерде тұрып жатқан тұрғындардың арқасында».

Өткен жылы қаланың жалпыөңірлік ішкі өнімі 3 триллионға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 3,1 триллион теңгені құрайды деген болжам бар. Мегаполис басшысының сөзінше, қала экономикасының өнеркәсіп, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда, қызмет көрсету мен ауыл шаруашылығы секторларында тұрақты өсу динамикасы бар. Ал көрсеткіштің өсуіне әсер ететін ең басты сектордың бірі – өнеркәсіп саласы.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Іскер қала» деген бағдарлама аштық. Қаланың кәсіпкерлерімен, тұрғындармен ақылдасып, ең бастысы шағын және орта кәсіпке қандай көмек беретінін зерттедік. Бүгінгі күнде кәсіпкердің сұрағы – ғимарат. Несиені алып жатыр, мемлекет көмектесіп жатыр, бірақ оған ғимарат аламыз ба, жоқ кәсіп бастаймыз ба? Ғимарат салу – ол 100-200 пайыз ақшаның бәрі сонда кетеді. Сол мәселені шешу үшін біз бүгінде үлкен мекемелер келісіп, айттық мемлекетке арендаға бер деп».

Жиында инфрақұрылым мәселесі де көтерілді. Аудан әкімінің сөзінше, жыл соңына дейін Тұран, Тассай, Мирас елдімекендеріне кәріз жүйесі жүргізіледі. Нәтижесінде 40 мыңнан аса абонент канализацияға қосылуға мүмкіндік алады. Қазір ауданның кәріз желілерімен қамту көрсеткіші 57,9 жетіп отыр. 2025 жылы елдімекендердің 65 пайызын орталықтандырылған канализациялық жүйеге қосу жоспарланып отыр. Қала әкімі өз есебінде жұмыспен қамту мәслеесін де көтерді. Айтуынша, бүгінде Шымкентте 5 мыңнан астам мекемеде 10 мыңға жуық бос жұмыс орны бар.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бүгінннің өзінде еңбек.кз сайтында 10 мыңнан аса бос орын бар. Осы бағытта жұмыс іздеуші жұмыспен қамту орталығына тіркелу керек. Ары қарай жұмысқа орналастыру ол барлығымызға міндет».

Биыл Қаратау ауданы аумағында 70 көше асфальтталады. Сондай-ақ, 38 көшеге шағал тас төселеді. Ал жол құрылысы жұмыстарына 2,2 млрд.теңге, аяқ жол салуға 200 млн.теңге қаралған. Жалпы 2021-2025 жылдары аудан бойынша ұзындығы 441 шақырымдық 466 көше асфальтталады деп жоспарланған.