Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының активімен кездесті. Көшпелі мәжілісте шаһардың өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Сонымен қатар, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспары туралы айтты.
Биыл түркістандық 6 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Бұл туралы қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді. Айтуынша, халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қалада айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, бюджет есебінен бөлек, инвесторлар тарапынан да 46 көпқабаттың үйдің құрылысы жүргізілуде.
Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан қаласының әкімі: «Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі».
Жалпы бүгінде баспанаға мұқтаж 15 864 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның 2683-і ипотекамен, 544-і көп балалы отбасыларға, 244-і әлсіз топтағы азаматтарға тапсырылды.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің облыс басшысының алдындағы есебінде рухани астананың туристік әлеуеті туралы да айтылды. Жыл басынан бері үш айдың ішінде Түркістанды тамашалауға келгендер саны 130,5 мың адамға жетті, яғни көрсеткіш былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсіп отыр. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды да жандандыру қажет деді.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Басқа аудан, қалалар Түркістанға қарап бой түзейтінін ескерсек, мұндағы жұмыс сапалы әрі мазмұнды болуы керек. Түркістан дамыса, өзге аудандар дамиды. Жұмыс бар. Бірақ сол қарқынды түсірмей, тиісінше арттыра түскен жөн. Түрлі сала бойынша мәселелер, кемшіліктер айтылды. Осыларды қысқа мерзімде жоюды тапсырамын. Қалаға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, туризм саласын дамыту, бюджетті ұлғайту бойынша нақты жұмыс пен нәтиже күтемін. Қаланың сәулеті, құрылысы, көгалдандырылуы, абаттандыру жұмыстарын да жандандыра түсуді тапсырамын».
Айта кетейік, Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 221 мыңға адамға жетті. Ал кіріс көлемі 2022 жылы 15 млрд. теңге болса, биыл 17,8 млрд. теңгеге жетіп, өсім 18,7% пайызды құрады.