Дауылға байланысты жедел штаб жұмыс істеп жатыр

53

Түркістан облысында ауа райының күрт нашарлап, дауыл соғуына байланысты бірнеше аудан, қалада электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, Төтенше жағдайлар департаментінің, «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің және әкімдікке қарасты мекемелердің арнайы бригадалары жұмыс істеуде.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы дауылдан ең көп зардап шеккен Кентау қаласына арнайы барып, жағдаймен танысты. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Облыс аумағындағы барлық гидротехникалық құрылыстар мен су айдындарына мониторинг жүргізіліп, кезекшілік ұйымдастырылды. Департаментте азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдерімен жедел штаб құрылды.
Жергілікті әкімдіктер тарапынан да тиісті жұмыстар қолға алынды. Ауа-райының нашарлауы салдарларынан болатын қауіп-қатердің алдын алу мақсатында және төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық, аудандық комиссиясы отырысының шешімі бойынша Кентау қаласында барлық мектептер мен балабақшалар қашықтықтан оқыту режиміне ауыстырылды. Базарлардың, сауда орталықтарының және адамдар жаппай келетін нысандардың жұмысына шектеу қойылды. Сауран ауданы мен Түркістан қаласындағы бірнеше мектеп қашықтықтан оқыту режиміне ауыстырылды.
4 мамырда сағат 08:30-дан бастап ауа-райының күрт нашарлауына байланысты (қатты жел екпіні 21-24 м/с) Түркістан мен Кентау қаласында және облыстың Сауран, Бәйдібек, Сайрам аудандарында электр желілеріне зақым келіп, үйлерде жарық уақытша сөнді. Оған қоса, Түркістан, Кентау қалаларында және Бәйдібек, Созақ, Түлкібас аудандарында ғимараттардың шатыры жартылай және толық бұзылған.
Түркістан қаласында Қожа Ахмет Яссауи мұражайының 80 шаршы метр алаңындағы 3 қабатты ғимаратының шатырының бөліктері желмен ұшқан. Қалдықтар жиналып, аумақ тазаланды, акт түзілді. Ауа-райы жағдайы тұрақталғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстары басталады.
Кентау қаласында Ш. Уәлиханов көшесі, №69 мекенжайында орналасқан «Политехникалық колледж» ЖШС шатырының біраз бөлігі, «Қазақтелеком» ғимаратының шатыры желмен толық ұшқан. С.Алтынсарин атындағы №1 жалпы орта мектебінің ауданы 350 шаршы метр (жалпы ауданы 5140 ш. м.) шатыр бөліктері жұлынған. №16 мектеп-гимназиясы ғимаратының 30 шаршы метр шатыр бөліктерінің желмен ұшуы анықталған.
Бәйдібек ауданында қатты желдің салдарынан (екпіні 23 м/с дейін) «Оңтүстік жолдары» МКК-нің бір қабатты ғимаратының 325 шаршы метр шатыры толығымен ұшса, Созақ ауданындағы бір мектептің шатырына аздап зақым келген. Түлкібас ауданында қоғамдық тамақтандыру ғимаратының шатыры бүлінген. Дауылды жел тоқтаған бойда арнайы комиссия зақым келтірілген аймақтарда шығын көлемін анықтайды.
05.05.2023 жылғы, сағат 12:00-дегі жағдай бойынша электрмен жабдықтаусыз елді мекендер анықталып, 10 мыңдай абонентке электр қуатын беру жұмыстары жүргізілуде. Қалпына келтіру жұмыстарына «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 12 бригадасы жұмылдырылды.
Мамандардың айтуынша, Сайрам, Сауран, Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Созақ аудандары мен Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында желдің екпіні сақталады. Сондықтан тұрғындар аса қажет болмаса, үйден шықпай, қауіпсіздік шараларын сақтағаны жөн.