«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қажет емес». Бұл проблема халық арасында актуалды мәселеге айналған. Себебі сақтандыру ақысын төлесе де емханада айлап кезек күту жұртты әбден мезі етті. Бірақ мамандар соңғы кездері бұл проблемаларда оң динамика бар екенін айтады. Өйткені, әлеуметтік сақтандыру қоры тарапынан мониторинг жүрзілііп, тиісті шара қолданылып жатыр.
“МӘМС арқылы ем қабылдау үшін 1 апта бұрын жазылу қажет. Ал ақылы қызмет кез-келген уақытта қолжетімді”. Осындай шағыммен сақтандыру қорына жыл басынан бері шымкенттік 32 азамат арызданған. Мамандардың сөзінше, дұрыс қызмет көрсетпеген емханаларға түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, тұрғындар да өз құқығын талап етсе екен дейді.
«Мониторинг жүргіздік. Жалпы тұрғындар талап етуді білмейді. Бізге олардың көмегі керек. Егер сізді қарамай жатса барып, не үшін осынша ұзақ күтуім керек деп сұрау қажет. 23 мың консультация болды осы 4 айдың ішінде. Оның 32-і шағым. Қызмет көрсету кезінде уақыты өткен, және ақы сұраған»,-деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филлиалының директоры Сәбит Құралбек.
Егер емхана МӘМС аясында дұрыс қызмет көрсетпесе, ақы сұраса 1 маусымнан бастап 1414 бірыңғай телефон номеріне хабарласып, шағымдануға болады. Жауапты мамандар мониторинг жүргізіп, тиісті шара қабылдайды. Жалпы бүгінде үшінші мегаполисте 930 мың халық сақтандырылған. Ол жалпы тұрғындардың 80 пайызын құрайды. Дегенмен, мүлде сақтандырылмаған азаматтар да баршылық.
“Сақтандырылмаған азаматтар 231 338 (19,9%). Сақтандырылмағандар халықтың ішінде: жұмысшылар 42 966 (үзілді-кесілді төлеушілер); 2). Азаматтық құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс жасаған тұлғалар 6 660; 3). Жеке кәсіпкерлер тіркелгендер 9 176; 4). Бірыңғай жиынтық төлемдерін жүргізген (әрі-қарай БЖТ) 2 962; 5). Дербес төлеуші болған 4 254; 6). Басқалар 266; 7). Соңғы 12 айда МӘМС-ға төлемдер түспеген тұлғалар 164 148”,-деді Сәбит Құралбек.
Соңғы кездері сақтандырудың тиімсіз тұстары айтылып, халық тарапынан наразылық туындап жатқаны рас. Бірақ мамандар бұл дұрыс емес екенін айтады. Сөздерінше, түсініспеушілік пандемия салдарынан орын алып отыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы барлық емханалар мәмс жүйесі арқылы қызмет көрсетеді. Яғни, сіз мемлекеттік емханаға барсаңыз да, жеке емханада тіркелген болсаңыз да сақтандыру арқылы тегін ем алуға құқығыңыз бар. Жалпы Шымкентте 13 мемлекеттік, 37 жекеменшік емхана тіркелген.