Сарыағаштық шаруалар шығынға батты

124

Сарыағаш ауданының диқандары шығынға баттық дейді. Сырттан келген көкөністің бағасы арзан болғасын, базар сөрелерін өзге елдің өнімдері жаулап алған. Ал, көкөністерді өндіруге жұмсалған отынның шығыны жылыжай өнімдерінің бағасына әсер етуде. Салдарынан бәсекеге төтеп бере алмай жатқан шаруалар тонналаған қызанақтарын сата алмай отыр.

Сарыағаш ауданындағы жылыжайлардың басым бөлігінде қияр мен қызанақ өсіріледі. Көкөністің бұл түрлерін өсіруге көп уақыт пен қаражат қажет. Голландиялық қызанақ өсірумен айналысатын шаруа көшеттердің әрбірін 400 теңгеден алып еккенін айтады.

Оған тағы минералды тыңайтқыш пен көмір, электр энергиясы мен жұмыс күшіне қаражат жұмсаған. Яғни гектарына 30-35 млн. теңге кеткен. Алайда, ол қазір дайын өнімді сата алмай отыр. Себеп – базардағы бәсекелестік.

Данияр Қалтаев, шаруа: «Неге өтпегенде ол Түркіменстаннан, Қытайдан келгендер бізді демпингтік бағамен бүгінгі таңда өлтіріп жатыр олар. Өйткені біз апарып 500-ден сатсақ, олар 400-ден сатады. 400-ден сатсақ, 300-ден, ақырында енді 200-ден қойып қойды. Бізді шығынға ұшыратып, келесі жылы біз еге алмаймыз. Келесі жылы мұндай қызанақтар болмаса, ол кезде олар бағаны көтереді. Олардың мақсаты сол. Бірақ бұған ойланып жатқан, алдын ойлап жатқан ешқандай шенеуніктер жоқ. Олар бүгінгіні ғана ойлап жатыр тек қана. Біз бүгін арзан қылдық дейді, бірақ ертеңгі күні қымбат болады».

Ал Әкіп Ақбердиевтің жылыжайында қиярлар сатылмай, тонналап жиналып тұр. Шаруа 4 гектар жылыжайға көкөніс еккен. Жаппай пісіп жатқан қиярды жинауға күніне 30-40 адам жалдап, әрқайсысына 7 мың теңгеден төлейді екен. Сөзінше, қазіргі баға терімшінің жұмысын да ақтамайды.

Әкіп Ақбердиев, шаруа: «Қиярдың бәрі тұр, алатын адам жоқ. Алатындар келіп, 70-80 теңгеден сұрап жатыр. Мына жақта 30-40 адам жұмыс істеп жатыр. 30-40 адамның ақшасын мен қайтып беремін міне 70-80 теңгеден сатып. Барлығы 150 млн. теңге 4 гектар жылыжайға шығын бар. Оны қазір көмірші де ақшасын сұрап жатыр. Дәріші де ақша сұрап жатыр. Жұмысшылар да ақша сұрап жатыр. Біз не қыламыз енді? Кімге барып дертімізді айтайық?».

Бүгінде кейбір шаруалар жылыжайдың жұмысын тоқтатқан. Шығынға батқандар үкіметтен қолдау күтеді. Егер осылай жалғаса берсе, биылдан бастап күнкөріссіз қаламыз деп уайымдап отыр. Өйткені жұмысты жүргізетін қаражат жоқ.

Нұрсұлтан Қуанышбаев, шаруа: «Былтырғыға қарағанда тыңайтқыштың бағасы 40 пайыз, 50 пайызға қымбаттаған. Көмірдің бағасы былтырғыға қарағанда 30 пайызға қымбаттаған. Ал, біздің шығарған өніміміздің бағасы былтырғыға қарағанда 25-30 пайызға арзан болып кетті. Біз тығырыққа тірелдік, 80 пайызымыз банкроттамыз. Әлі білмей тұрмыз. Ертең 100 теңгеге түсетін болса, 100 пайыз банкротқа кіріп кетеміз. Үйіміз кепілде тұр. Несие алып істетіп жатырмыз 34 пайызға. Құлап қалған жылыжайларға көмек болады деген, уақытша тоқтатады деген. Ол да жоқ мысалы».

Шаруалар өнімін базарларға апарса, орын да табылмайды дейді. Себебі нарықты Түркімен қызанақтары басып қалған. Ал жергілікті шаруалардың мәселесін жергілікті билік жақсы біледі. Бірақ бағаны біз емес, нарық белгілейді дейді олар.

Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:
«Баға мына сұраныс пен ұсыныстың арасында туындайтын мәселе. Мысалы баға бір күні түсуі мүмкін, келесі күні немесе арада 2-4 күн өткеннен кейін қайтадан көтеріледі. Шаруалардың айтқанын мен негізсіз демеймін. Олардың айтқанында да шындық бар. Баға түсіп кеткеннен кейін ол кісілер өздерінің шығындарын өтей алмай қаламыз ба деген қауіптері бар. Бірақ енді дегенмен де мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидиялау бойынша ол жұмыстар жүргізіліп жатыр».

Диқандар бұған дейін өнімдерін елдің солтүстік өңірлері мен Ресейге тасымалдап, шығындарын өтеп келген. Бірақ қазіргі баға жол шығындарын да ақтамайды дейді. Сондықтан Түркістан облысы мен Шымкент қаласының базарларынан ары аса алмауда.

Мамандар болса, елге сырттан келетін көкөніс өнімдеріне демпингке қарсы баждар алынбайтынын айтады. Өйткені мұндай баждар алу тек өндірістік мақсатта келетін тауарларға ғана қарастырылған. Кеденшілер үкіметтен арнайы тапсырма болмай, шетелдік көкөністердің тасымалдауына шектеу қоя алмайтынын айтады.

Айдос Құралбайұлы, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы: «Бұл шаралар тек қана үкімет тарапынан ішкі нарықты, сауданы реттеу мақсатында енгізіледі. Тиым салу және шектеу шаралары енгізілмегендіктен, біздің елімізге, жалпы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік кіргізілетін көкөніс және жидек өнімдері фитосанитариялық бақылаудан оң нәтиже алған жағдайда кедендік тазартудан өткізіледі».

Жылыжай шаруашылығына кейінгі 5 жылда субсидия берілмегендіктен ұсақ серіктестіктер осындай қиындықтарға тап болып отыр. Диқандар өзекті мәселе үкіметтік деңгейде шешілуі тиіс дейді. Сарыағаш ауданында 600 гектар жылыжай бар. Егер қаржылай қолдау болса диқандар бір жылда екі рет өнім алып, ел аумағын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екенін айтады.

Гүлдана Дәурен