Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ІІМ-нің нұсқауымен Шымкентте полиция қызметін цифрландыру бойынша бірқатар жаңа қосымшалар қолданысқа енгізілді. Оның ішінде, Шымкент қаласы «Mega Planet» ойын-сауық орталығының алдына алғаш рет Жедел басқару орталығына қосылған «SOS» дабыл түймесі орнатылды.
Мұндағы басты мақсат, мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін бұрынғыдан да нығайтып, кез-келген жағдайда азаматтарға қолжетімді болу.
Өз кезегінде, қала аумағында орын алған құқықбұзушылықтың куәсі немесе құрбаны болған азаматтар «SOS» түймесі арқылы полициямен шұғыл байланысуға мүмкіндік алады.
Бұдан бөлек, тұрғындар ұялы телефонының қуаты сөніп қалса , бағалы мүлкі мен құжаттарын жоғалтып алса немесе өзін жайсыз сезінген жағдайда дабыл батырмасын басу арқылы полицияның көмегіне жүгінеді.
Орнатылған құрылғының ерекшелігі — тәртіп сақшылары шұғыл байланысқа шыққан адамның жай-күйі мен оның маңындағы ахуалды бейне-аудио байланыс арқылы толық бақылай алады.
Сондай-ақ, бейнебақылау инспекторлары көмекке арнайы автоэкипаж жолдап, жағдайды дер кезінде реттеуге мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта, шаһарымызда тағы 25 жаңа дабыл батырмасын іске қосу жоспарлануда.