Шымкентте жалпыреспубликалық “Халық заңгері” акциясы өтті. Шара барысында қала тұрғындары прокуратура, салық, экономика, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері мен заңгер-медиаторлардан қажет кеңес алды. Жалпы қоғамда қазір қандай мәселе өзекті? Акция аясында халық проблемасын шеше алды ма?
“Халық заңгері” Шымкентте. Жалпыреспубликалық акцияда 200-ден астам азамат заң тұрғысынан тегін кеңес алды. Олардың бірі әділдік іздеп бірнеше мекеменің есігін тоздырған Раушан Сербаева. Ол “Заң бәріне ортақ болуы керек” деп есептейді.
«Құқығымызды қорғап, әділетті анықтау үшін осы жерге мәжбүр болып келіп отырмыз. Қазір кеңес алдық. 1 мамыр күні жол көлік апаты болған полиция автобусымен. Бізді кінәлап, олар өздері ақ болып шығып жатыр. Біз қазір соны түбіне дейін жеткізу үшін мына жерден жақсы кеңес алып, ары қарай өзіміздің ақ екенімізді дәлелдейміз»,-дейді қала тұрғыны.
Бұл акцияны жыл сайын Қазақстанның ірі қалаларында ұйымдастыру дәстүрге айналған. 2016-2022 жылдар аралығында шараға 7000-нан астам үздік сарапшы және мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзыретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 150 000-нан астам азамат тегін кеңес алды.
«Статистикаға сүйенсек, шарада жер мәселесі, жұмысқа тұру және салық сұрақтары көбірек қойылады. Қазіргі уақытта салық департаментінің қызметкерлері қатысып жатыр, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент, экономика департаментінің өкілдері, прокуратура өкілдері халыққа кеңес беріп жатыр»,-дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Дәурен Ерғарин.
Жалпы шара барысында 50-ден астам прокуратура, салық, экономика, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілі мен заңгер-медиаторлар қала тұрғындарының проблемасын тыңдады. Медиатор Алия Амантаева қабылдауға келген азаматтарға медиация тәртібін түсіндіріп, мәселесінің шешілуіне бағыт-бағдар берді.
«Медиация бойынша көбісі ойлайды, тек қана азаматтық істер бойынша келісімге келуге боалды деп. Жоқ қазіргі таңда бізде қылмыстық істер де қаралып жатыр. Жеңіл және орта дәрежедегі қылмыстар бойынша күдікті деп танылған азамат пен жәбірленуші немесе куәгер арасында медиация тәртібімен жүріп жатыр. Олар ортақ келісімге келісіп, мәселе сотқа жетпей шешіліп жатыр»,-дейді медиатор-заңгер.
«Халық заңгері» акциясы арқылы консультация алып, проблемасының шешімін тапқан қарапайым азаматтар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Жалпы акция Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде ауқымы мен географиясы бойынша теңдесі жоқ форматта өтеді.