Шымкентте «Мейірім — жүректен» акциясы өтіп жатыр

120

Шымкентте қалалық прокуратура және білім басқармасы бірлесе ұйымдастырған «Мейірім – жүректен» атты бір айға жоспарланған ауқымды іс-шара басталды. Жоба аясында қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындардында жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен құқықбұзышылықтың алдын алу масқатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Тәрбиелік мәні бар шараларға білім беру мекемелері, студенттермен қатар, ата-аналар да белсене атсалысып жатыр.

Үшінші мегаполистегі барлық білім беру ұйымында құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу мақсатында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгінде мектеп пен колледждерде медиация кабинеттері ашылып, тәрбие жұмысын дамыту бойынша «Ата-аналар академиясы» бекітілген. Ал оқу орындарында ата-аналармен бірге арнайы тренингтер өткізілуде.

Гүлзат Ысқақова, Шымкент қаласы жол-көлік колледжінің директоры: «Ұлт тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесі» атты ата-аналармен біріккен, байланысты нығайтатын тренинг-жиын өкізіп жатырмыз. Жалпы өткен апта бізде толық «Тәрбие басы – тал бесік» жыл өткізілетін тәрбие сағатымызды өткіздік. Ары қарай жалғасын табады мұндай іс-шаралар әр түрлі тақырыптағы.

Сондай-ақ, құқықтық тәрбие беру мақсатында құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесулер жоспарланып отыр дейді колледж директоры. 5 баланың әкесі Дәулет Даниярбекұлы «Мейірім-жүректен» акциясы аясында өткізілген арнайы тренингке қатысуға келген. Сөзінше, мұндай іс-шаралар колледжде жиі өтіп тұрады. 3-курс студентінің әкесі ешқандай жиналыстан қалмайтынын айтады.

Дәулет Даниярбекұлы, ата-ана: «Бұл тек ұстаздардың ғана тәрбиесі емес балаларды тәрбиелеу, оған қосымша біз де ата-ана ретінде атсалысуымыз керек. Қазіргі заманда тәрбие беру қиындап бара жатыр ғой. Кішкентайынан бастап интернет желілері бар, басқалары бар. Абайлап, аялап әкеле жатсаң, телефоннан бірдеңе көріп ойы өзгеруі мүмкін. Бүгінгі «Мейірім жүректен» іс-шарасы өте керемет өтіп жатыр».

Нұрсұлтан Даниярбек, Шымкент қаласы жол-көлік колледжінің 3-курс студенті:
«Буллингтің көбею себебі – жастардың өз статусын қорғау деп ойлаймын. Буллингті жою -отбасыдан басталуы керек негізі. Ата-ана дұрыс тәрбие беруі керек. Сол арқылы біз буллингті жоя аламыз».

Бүгінде қалалық білім басқармасы тарапынан ата-ана, ұстаз және оқушының байланысын нығайту мақсатында «Үштік одақ», «Оқуға құштар мектеп», «Дебаттық қозғалыс» сынды тәрбиелік мәні бар жобалар іске асырылып келеді.

Мамандар, мұндай іс-шаралардың ата-ана, оқушы мен мектеп байланысын арттыруға үлесі мол екенін айтады. Айта кетейік, «Мейірім – жүректен» жобасысы 25 мамырға дейін барлық білім беру ұйымдарында жалғасады.