Úı Jańalyqtar Түркістан облысының прокуроры тағайындалды

Түркістан облысының прокуроры тағайындалды

Түркістан облысына ҚР Бас Прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев келіп, арнайы мәжіліс өткізді. Жиында Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі негізінде Бас Прокурордың 2023 жылғы 15 мамырдағы бұйрығымен Түркістан облысының прокуроры лауазымына тағайындалған  аға әділет кеңесшісі Мұрат Әжінұрұлы Тлеубердиев таныстырылды. Рухани астананың жаңа прокуроры бұған дейін бірнеше жауапты басшылық лауазымдарда қызмет еткен.

ҚР Бас Прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев жаңа прокурордың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ алдағы уақытта күрделі мәселелердің шешілуіне септігін тигізеді деп сенім артамын деді.

Әсет Шындалиев, ҚР Бас Прокурорының орынбасары: «Түркістанның тарихымызда орны айрықша. Өңірде ел қорғаған ұлы тұлғалар мен әулие-әмбиелер мәңгі қоныс тапқан. Қазіргі таңда туризм орталығы ретінде дамып келеді. Әр облыстың өз ерекшелігі мен күрделі мәселелері де бар. Оларды жедел түрде анықтап, жергілікті билік және уәкілетті органдармен бірге шешу қажет. Өңірдегі саяси-қоғамдық жағдай, халықтың әлеуметтік қорғалуы назарда болуы шарт. Әсіресе, су, жер, көмір жайылым мәселелерін шешуде жүйелі және кешенді шараларды қабылдау қажет».

Бас прокурордың орынбасары өткізген мәжіліске облыс әкімі Дархан Сатыбалды да қатысты. Өңір басшысы прокуратурамен тығыз қарым-қатыныста жұмыс істейнінін алға тартты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жұмысыңызға табыс тілейміз. Түркістан облысының ерекшелігін жақсы білесіздер. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Демографиялық өсімі жоғары. Біз өңірдегі мәселелерді шешуде прокуратура саласы өкілдерімен ақылдасып тұрамыз. Өзге де құқық қорғау және уәкілетті орган басшыларымен тіл табысып, бірлесе жұмыс істеп келе жатырмыз. Бәріміздің мүддеміз де мақсатымыз да – біреу. Ол – елдің қамын ойлап, жағдайын жақсарту және осы бағытта Президент тапсырмаларын орындау»

Мұрат Тлеубердиев 1973 жылы, 20 қарашада Алматы облысының Қаскелең ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1999 жылы Алматы қаласы, Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Түркістан облысы прокуроры қызметіне тағайындалғанға дейін Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаментін басқарды. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Прокуратураның құрметті қызметкері.

Exit mobile version