Жанат Тәжиева: «Мектеп бітіру кешіне ақылы тікұшақтарға тапсырыс беріп қойғандар бар»

369

Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның әлеуметтік желідегі жазбасы біраз пікірталас туғызды. Қазірдің өзінде біраз журналист өзіндік пікірін қалдырып үлгерді. Бас ұстаздың жазбасының толық нұсқасы төмендегідей:

«Биылғы оқу жылы 31-мамырда аяқталады. Ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнімен тұспа тұс келіп тұр. Қаншама боздақтарды еске алып, осы бейбіт өмірімізге шүкіршілік ететін күн. Сол күні мектептерде оқушыларға түрлі деңгейде патриоттық тәрбие сағаттарын өтіп, ал 1 -маусым “Балаларды қорғау” күні жалпы тәрбиелік іс-шаралар мектеп қабырғаларында балалар үшін ұйымдастырылмақ.
Соңғы қоңырау-деген сөздің өзі бүгінде құлаққа түрпідей естіледі. Неге соңғы? Өмір жолына алғаш қадам басу күні болар? Сондықтан да мектеп бітірушілер үшін мереке салтанатты түрде маусымның 20 — ларына оқушылар емтихантарын аяқтаған соң аттестаттарын қолдарына құрметпен ұсына отырып, МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІН өткізген дұрыс емес пе?
Басқарма басшысы болғандықтан көптеген арыз-шағымдар келіп түсуде. 31-мамыр соңғы қоңырау деп жалдамалы қымбат көліктерге, аспанға адамдарды алып ұшатын шарларға, ақылы вертолеттерге тіпті котедждерге дейін тапсырыс беріп қойған ата-аналар кездесуде. Оны қалай түсінуге болады? Барлығы баламыздың көңілі үшін дейді. Ол қандай көңіл? Ал бала қауіпсіздігіне кім жауап береді? Апат айтып келмейді, “Сақтансаң сақ болсарсың”-деген сөз бар емес пе?
Соңғы қоңырау күндері қаншама мектеп бітірушілер жол апатына ұшырап, таудан құлап мерт болған жоқ па? Ол да сабақ болар уақыт жеткен сияқты…
Мектеп бітірушілерден мектепке, ұстаздарға сыйлық не үшін керек? Олар ақша тауып жатқан жоқ қой? Мектепті 20 -30-40 жыл бұрын бітіргендер болса онда қарсы емеспіз. Өз алтын ұясына өзі өз болғанда қол ұшын созса….
Алайда, мектептердің материалдық базасы қанағаттанарлық жағдайда, тіпті жақсы десек те болады. Мемлекет онсыз да қамқорлығына алып отыр емес пе?
Мектеп бітіру кешін емтихандар аяқталған соң аттестатпен бірге салтанатты түрде мерекелік кеш ұйымдастыра отырып табыс еткен дұрыс болар!?.
Ол үшін ақша жинаудың, сыйлық берудің, не қажеті бар? Ал сол күні де балалар тойханаларда тойламай ақ, өз мектеп қабырғасында балалық шағының қызықты сәттерін еске алып, ұстаздарымен бірге өткізсе… Ол да үлкен тәрбие емес пе? Тойханаларда тойлау алдарында емес пе? Сіз не дер едіңіз?».