Жыл басынан бері орта есеппен 540,7 мың көпбалалы отбасыға жалпы сомасы 135,4 млрд теңге мемлекеттік жәрдемақы төленді. Соның ішінде сәуір айында 548 мың отбасы 34,3 млрд теңге жәрдемақы алды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді:
4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ке артты.