6 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды

39

Жазғы демалысқа шыққан жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың арасында түрлі заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында 7-9 маусым аралығында Шымкент қаласы аумағында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

 Осыған байланысты, ЖПҚБ Ювеналдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен түнгі уақытта рейд жұмыстары жүргізіліп, ойын-сауық орындары мен шаһар аумағы тексерілді. Аталған шараның бір тәулігінде кәмелетке толмағандарға қатысты 66 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, қадағалаусыз жүрген 6 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 11 бала және 5 қолайсыз отбасы ІІО-ның есебіне қойылды.
 Мәселен, Қаратау АПБ-ның қызметкерлерімен жүргізілген рейд барысында түнгі сағат 22:00 ден кейін ойын-сауық мекемесінде болған 6 жасөспірім анықталып, олардың ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуы» бойынша хаттама толтырылды. Бұған қоса, 4 ойын-сауық орындарының иелері әкімшілік кодекстің 132-бабымен жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 57 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
 Шымкенттік полицейлер ата-аналарды балаларына және олардың тәрбиесіне назар аударуға шақырады. Кәмелетке толмаған балалардың түнгі сағат 22:00 ден кейін үйде болуын қадағалауды ескертеді.