Абай облысында эвакуацияланған 9, 11 сынып түлектері мектеп бітіру емтихандарын Семей қаласында тапсырады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хабарлады.
Оның ақпаратынша, өңірде қауіпсіз аймаққа эвакуацияланған тұрғындардың арасында 64 бала бар. Олар отбасыларымен бірге Семейдегі екі колледж ғимаратына орналастырылған.
«Эвакуацияланған 9,11 сынып түлектерінің қорытынды емтиханды кедергісіз тапсыруы үшін барлық жағдай жасалып жатыр6 мектеп бітіру емтихандары Семей қаласында ұйымдастырылады», — деп жазды Бейсембаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ апат салдарынан асыраушысынан айырылған отбасылардың балалары жаңа оқу жылында білім алуын еш кедергісіз жалғастыруы үшін мектеп формасымен, қажетті оқу құралдарымен және ыстық тамақпен қамтылады, деп сендірді ведомство басшысы.
«Балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің үнемі бақылауында», — деді министр.
Бұдан бөлек, Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасына асыраушысынан айырылған отбасылармен жеке кездесіп, балалардың психологиялық кеңес алуына, жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуына барлық жағдайды ұйымдастыру тапсырылды.
Бұған дейін Абай облысының әкімдігі Семей қаласының үш эвакуациялық пунктінде 150-ге жуық адам, соның ішінде Талица, Половинки, Бұлақ ауылының тұрғындары орналасқанын хабарлаған болатын.