Айт күндері кір жуып, үй тазалауға бола ма? Көптің қызу пікірталасын тудырған бұл сауалға танымал имам Нұрлан қажы Байжігітұлы жауап берді.
Дін өкілі қарапайым тілмен түсіндіріп, оның видеосын желі парақшасында жариялады. Оның пікірінше, айт — мұсылман қауымы үшін мереке. Сондықтан бұл күндері кір жуып, үй тазалауға болмайды.
«Айт күні үй тазаламайды деген ата-бабамыздан қалған дәстүр бар. Шын мәнінде солай. Неге? Өткені айт — бұл мереке. Айт күні адам деген тамақ жеп, елді күтіп алып, дастархан жайып, жақсы ниетте жүру керек», — деді имам.
Ал егер де қасиетті айт күндері кір жуып немесе үй тазаласаңыз, бұл мұсылман қауымның мерекесіне деген құрметсіздік болып табылады екен.
«Бұл күндері кір жуып, үйде жұмыс істеп жатсаңыз, бұл айтқа деген құрметсіздік. Келген адамды елемеушілік болып табылады. Сондықтан айт ата-бабамыздың дәстүрі бойынша жұмыс істелінбей, қыдырып, жақсы тынықтайтын күн», — деді ол.