Шымкентте Құрбан айт мерекесіне дайындық басталды

49

Ертең иісі мұсылман халқы Құрбан айт мерекесін тойлайды. Бұл жолы мереке маусымның 28-і мен 30-ы аралығына аталып өтеді. Баршамызға белгілі 3 күн ішінде құрбандық шалынып, жағдайы жеткен адам қажылық сапарына аттанады.

Биыл Құрбан айт мерекесі 28 мен 30 маусым аралығында өтеді. Айт намазы 28 маусым күні таңғы 6:30-да Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы 900-ден аса мешітте бір уақытты оқылады. Соған орай, Шымкент тұрғындары дайындықты бастап кеткен. Қазір ірі қаралар бағасы орта есеппен 350 000 теңгені құраса, ұсақ малды 50 мыңға сатып алуға болады. Ал мал сою орындарында күніне 500 адамға дейін қабылдай алады екен.


Сайфулла Құлтораев, «Халал қасап» мал сою бекетінің директоры: «Бізге келіп жатқан малдың бәрі осы төңіректен  әкелінген. Малдарды ветеринарлық тексерістен өткізіп, союға дайындап жатырмыз. Қойымыз 50 мыңнан 150 мыңға дейін, ал ірі малдар 350 мыңнан 900 мыңға дейін барады. Құрбандыққа шалынатын қойлар 6 айдан төмен болмауы керек. Ал бұқа 2 жастан жоғары болу керек. Сондықтан тек ірі, жақсыларын алып келдік».

Нұрсұлтан Камалов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жыл сайын өзімізге 1 мал сойып, 3-ке бөлеміз. 1 бөлігін өзімізге алып қаламыз. Қалған 2 бөлігін мұқтаж жандарға үлестіреміз. Жылда атағанымызды осылай беріп тұрамыз».

Қалада 3 мал сою орны бар. Дегенмен тұрғындар арасында бекітілмеген жерлер мен тұрғын үйлердің алдында құрбандық шала салатындары кездеседі екен. Сондықтан ауыл шаруашылығы басқармасы мұндай жайттардың алдын алу үшін қатаң бақылау жасалатынын айтады. Ал қоғамдық орындарды ластап, мал соятын болса, заң негізінде әкімшілік жаза қолданылады.


Аян Байжанов, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «Қазіргі таңда құрбандыққа шалынатын малдар ветеринария туралы заңға сәйкес тексерістен өткізіліп, ветеринариялық бақылау және қадағалау мекемесі беретін есептік номері ветеринариялық қорытындысы болу керек. Біз жергілікті орган түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Ал атқарушы органдар тарапынан әкімшілік айыппұл қаралған».

Ал санитарлық дәрігерлер құрбандық шалу рәсімін көп қабатты үй аулаларында жүргізбеу керек екенін айтады. Себебі үй жануарларының қаны арқылы түрлі аурулар пайда болуы мүмкін.

Әсемгүл Даулетова, Шымкент қаласы СЭБД бөлім басшысы: «Санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау қызметінің басты қызметі насихат жүргізу. Бастысы мал сою орындарында санитарлық талаптың сақталуы болып табылады. Осы ретте 19-нан бастап түсіндірме жұмыстары басталды. Мал сою бекеттері тұрғын үйден кем дегенде 50 метр ара қашықтықта болу керек. Сондықтан тұрғын үйлер ауласынан қасапханалар жасақтап шығуға болмайды. Санитарлық талап сақталмаған жағдайда қалдықтар сыртқа дұрыс шығарылмаса, шыбын-шіркей жиналып, паразиттік аурулар, өткір ішек аурулары пайда болады».


Дәстүр бойынша құрбандық шалу онлайн және офлайн форматта қатар өткізіледі. Биыл да qurban-2023.kz сайты іске қосылды. Онда әлеуметтік осал топқа жататан адамдар тіркеле алады. Осы жылы да сайт арқылы 4000 тұрғынға ет үлестіру жоспарланған.

Бақдәулет Әбдірахманов, Шымкент қаласының бас имамы: «Былтыр 300 қой мен 10 ірі қара тіркелді. Оның бәрін 4000 адамға тараттық. Бізде халал қасапханалар бар. Сонда халықтың құрбандыққа берген еттері жиналады. Бізде онлайн 4000 тұрғынға ет берілсе, одан бөлек жазбаша тіркелгендері бар. Оларға 1-2 килодан болса да жеткізіп беруге тырысамыз».

Құрбан айт кезінде тұрғындар қажылық сапарына аттанады. Ал биыл өңір халқы тұңғыш рет Түркістаннан Меккеге сапар шекті. Ал елдегі халық қаладағы бекітілген 3 орында құрбандық шала алады. Сонымен қатар мешіттерде намаз оқылып, мерекеге орай айт тәттісі таратылады.