«AMANAT» партиясының мобильді тобы Шымкенттің іргесіндегі Бозарық-2 елдімекенінде көшпелі қабылдау өткізді. Егемен Қазақстан көшесінің тұрғындары мүмкіндікті пайдаланып, жол, жарықтандыру, балалар ойын алаңшасын салу мәселелері туралы өтініштерін партиялықтарға жеткізді.
15 мың халқы бар Бозарық елдімекені саяжай мәртебесінен шағынаудан болғалы тұрмыстары жақсара бастады. 2000 жылдан бері ауыз судан қиындық көрген тұрғындар бүгінде сапалы тіршілік нәрімен толық қамтылған. Электр бағаналары орнатылып, жаңа электр желісі де тартылуда. Ал «Егемен Қазақстан» атауын былтыр алған көшенің тұрғындары жол азабына биыл нүкте қойылады деген үмітте.
Гүлнар Пернебаева, Бозарық-2 елді мекенінің тұрғыны: «Егемен Қазақстан» көшесі атауына сай болуы керек қой. Мен өзім көшіп келгеніме 10 жыл болды. Қашан біздің көшемізді асфальттейді?».
Айтулы мобильді топтың құрамында «АМАNАТ» партиясының өкілдері және Қаратау ауданы әкімі, қалалық әкімдікке қарасты басқарманың мамандары бар. Топтың жұмысы барысында қабылдауда айтылған мәселелер бойынша хаттама түзілді.
Елдімекен қажетті инфрақұрылыммен кезеңімен қамтылуда. Қаратау ауданына қарасты бұл болашақ шағынауданда атқарылатын жұмыстар шаһардың бес жылдық даму жоспарына енгізілді,- дейді аудан әкімі
Тұрғындар көтерген мәселелер аудан әкімдігі және «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының жіті бақылауына алынды. Айта кетейік, өткен жылы партия филиалының қоғамдық қабылдауына 9280 өтініш түсіп, оның 66 % оң шешімін тапқан.