Еуропа елдері міндетті әскери қызметті қайта енгізіп жатыр. Қазір қарт құрлықтың 8 мемлекетінде азаматтар үшін Отан алдындағы борышын өтеу-парыз. 1-шілдеден бастап бұл елдердің қатарын Латвия толықтырмақ. Ел парламенті «мемлекеттік қорғаныс қызметі» туралы заңды қабылдады. Соған сәйкес, 18 бен 27 жастағы ер азаматтар әскерге баруға міндетті.
Қазір 4 елде және Дания, Эстония, Грекия мен Норвегияда Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу-парыз. Кәмелеттік жасқа толған даниялықтар әскерде 4 ай, ал эстондықтар 11 ай болуы тиіс. Скандинав елдерінде Отан алдындағы борышын 19-дан 45-жасқа дейін өтеуге мүмкіндік берілген. Бас тартқандар бір жылға түрмеге тоғытылады. Норвегия мен Швецияда әскерге қыздар да қабылданады.
Міндетті әскери қызметтің кемшілігінен гөрі жетістігі басым екенін Батыс елдерінің басшылары соңғы кезде жете түсінгендей. Франция Президенті Эммануэль Макрон мен Германияның консервативті партиясының өкілдері жастарды әскерге шақыруды қайта жандандыру қажеттігін жиі айта бастады. Себебі, бақуатты деген Еуропа елдерінің өзінде келісімшарт негізінде істейтін әскерилерді қаржыландыру жылдан-жылға проблемаға айналып барады.
Әскерге барғысы келмейтіндерді бір жыл міндетті түрде аурухана, басқа да әлеуметтік мекемелердің жұмысына жұмылдыруды ұсынуда. Жоба авторлары бұл-қарт құрлықтағы жұмыссыздық мәселесін шешуге және Еуропа жастарының қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді деген үмітте.