Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Айдос Иманбаев азаматтар алимент төлеуге мүмкіндігі бола тұрып, баласын асыраудан әдейі жалтарады, табысы мен мүлкін жасыратынын мәлімдеді.
«Кейбір борышкерлер нақты қаржылық мүмкіндіктері бола тұрып, балаларын асыраудан әдейі жалтарады, табысы мен мүлкін жасырады. Бүгінгі таңда алименттің мөлшері борышкердің табысына байланысты белгіленеді. Бұл теріс пиғылды борышкерлерге табыстарын жасанды түрде азайтып көрсетуге жол береді. Әдетте, бұл борышкерлердің көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркеліп, өздеріне ең төменгі жалақы 70 000 теңге белгілейді», — деді мәселе көтерді Айдос Иманбаев.
Оның атап өтуінше, бұл мәселелерді шешу үшін балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкiлеттi орган бастамасымен алимент мөлшерiн қайта қарау ұсынысы көтеріліп жатыр.
«Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, борышкерлердің жасырын табысын, яғни такси қосымшалары, курьерлік қызметте жұмыс істейтін адамдардың табысын анықтау мәселелерін пысықтауда», — деп бөлісті Айдос Иманбаев.