Шымкент қаласының ТЖ департаментінде 6 жасар баланы құтқарған оқушылар марапатталды. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен Рамазан Аманкелдиев пен Ердәулет Шыңғысхан «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.
Балалар № 128 қалалық жалпы орта мектепте оқиды. Естеріңізге сала кетейік, оқиға 2023 жылдың 10 мамырында Шымкент қаласының Игілік тұрғын алабындағы Бадам өзенінде болған.
Бір топ балалармен бірге Ердаулет пен Рамазан шомылуға келіп, сол жерде кішкентай баланың өзенге батып кеткенін естиді. Судың бетінде баланың жансыз денесін көріп, балалар оны жағаға шығарады.
Суды жұтқан баланың іші ісіп кетіп, өзі көгере бастаған. Балалардың үлкені Рамазан, тез арада реанимациялық әрекетке кіріседі. Оған оның досы 8 сынып оқушысы Ердәулет Шыңғысхан көмектесті. Балалардың шебер әрекеттерінің арқасында алты жасар бала есін жиып, дем ала бастады.
Уақытында көрсетілген медициналық көмек баланың өмірін сақтап қалды.
Сондай-ақ біздің заманымыздың батырлары Ердәулет Шыңғысхан мен Рамазан Амангелдиев ТЖ департаменті басшылығының атынан марапатталып, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Рамазан Аманкелдиев бүгін мемлекеттік емтихан тапсыруына байланысты, оның марапаты анасына табысталды.
Айта кету керек, Бадам өзені жүзуге тыйым салынған орын. Шымкент қаласында шомылуға арналған 13 орын анықталған, олар Шымкент қаласы ТЖ департаментінің сайтында орналастырылған.