Төтенше жағдай қызметкерлері марапатқа ие болды

117

Үйден шыққан өрт кезінде егіз бауырын құтқарған 12 жасар Анна Саворовская бүгін министрлік тарапынан марапатталды. Жасөспірімге «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі табысталды. Сондай-ақ, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бірнеше қызметкері де адал қызметі үшін төсбелгісіне ие болып, алғыс хат алды.

Шымкенттік жасөспірім Анна Саворовская «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды. Өрт кезінде бауырларын сыртқа алып шыққан қыздың жасы небәрі 12- де. Бұған дейін Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті Аннаны марапатқа ұсынғанын айтқан едік. Бүгін жасөспірім ҚР ТЖ министрлігінің медаліне ие болды.

Мария Саворовская, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен қызымды мақтан тұтамын. Және алдағы уақытта мұндай оқиға қайталанбауын тілеймін. Болашақта қызым басқа салаларда марапат алып, жақсы жетістіктерге жетсе деймін! Сонымен қатар, бізге қол үшін созған, қаржылай көмектескен, жағдайымызға алаңдаған әрбір жанға үлкен алғысымды білдіргім келеді».

Сонымен қатар, шара барысында Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері міндетін адал атқарғаны және жұмыста жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін марапатталды.

Нұрмұхамед Бостанбек, Шымкент қалалық ТЖД кадр саясаты басқармасының бас маманы: «Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері арасынан өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын атқару кезінде жоғары біліктілікті көрсеткен қызметкерлердің қызметі елене отырып, жоғарыда тұрған басшылар тарапынан ұсыныс енгізілген еді. ТЖ министрлігінің бұйрығымен 4 қызметкер марапатқа ие болды. «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен 1 қызметкер, «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен 1 қызметкер және ТЖ министрлігінің алғыс хатымен 2 қызметкер марапатталды».

Айта кетейік, 15 шілде күні Қайнарбұлақ саяжайында жеке үйде ауа баптағыштың қысқа тұйықталуынан өрт шыққан еді. Үйде 1 жастағы бауырларына қарап қалған Анна Саворовская өрт кезінде өзінің егіз інісін сыртқа алып шығып, құтқарып қалған. Қазіргі таңда аталған отбасыға тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Гүлдана Дәурен