Мемлекет жас кәсіпкерлерге бизнес бастауға көмектесуде

62

Мемлекет жас кәсіпкерлерді қолдайды. Былтыр Шымкентте қайтарымсыз грантқа бас-аяғы 7000 азамат өтінім білдірген. Соның ішінде 1200-ге жуық тұрғынға кәсіп бастауға грант бөлінді. Қатысушылардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар, жұмыссыз азаматтар, қандастар, мүгедектігі бар адамды қараушылар мен асыраушысынан айырылғандар.

Бүгінде мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашып, оны табыс көзіне айналдырған азаматтар жетерлік. Солардың бірі — Бахриниса Турусметова. 3 жылдан бері үй жағдайында кондитерлік өнімдерді пісірумен айналысқан келіншек қазір қайтарымсыз гранттың арқасында бизнесін дамытып отыр.

Бахриниса Турусметова, кәсіпкер: «Грантқа барып тапсырса болатын нәрсе, соңына дейін жүгіру керек, бір рет қабылдамаса қайтып кетуге болмайды. Бірінші мәрте менің де жобам өтпей қалған. Мен қайтып барып тапсырғанмын. Екінші мәрте қабылданды.  Үйде жасап жүргенмін. Осы жақындарға. Тапсырыс аясы көбейе түсті. Сонымен маған тапсырыс көбейіп кеткен соң, үлкен пеш алу керек, сондай нәрсе болған соң ізденуді бастадым».

Жобаға қатысушылар грантты иелену үшін арнайы комиссияның алдында бизнес жоспарын қорғап шығуы қажет. Себебі жоба жеңімпаздары айтулы комиссияның мақұлдауымен ғана анықталады. Мамандар грант иегерлері жеңіп алған қаржыны мақсатсыз жұмсаған жағдайда заң алдында жауап беретінін айтады. Сонымен қатар мегаполисте бастаған кәсібін одан әрі өрлете алмаған қаржыны қайта қайтарып берген азаматтар да бар.

Бекболат Әлиханов, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Комиссияның отырысында комиссияның дауыс беру шешімімен шешімдер қабылданады. Мысалы үшін келген азаматтың бизнес жоспары комиссия мүшесінің 3 — не ұнап, 4 — не ұнамаса, басым бөлігі ұнамады, қорғай алмады десе сол шешім қабылданады. Мемлекеттік грантты ұтып алғаннан кейін олар 3 ай ішінде өзінің жеке кәсібін ашқаны туралы тіркеуден өту керек, яғни, жалпақ тілде айтқанда ЖК ашып, 3 айдың ішінде есебін тапсыру қажет. Қайтарымсыз болады егер мақсатты түрде жаратылғанда, талаптардың барлығы орындалғанда ол қайтарымсыз болып есептеледі».

Былтыр Шымкентте  1200-ге жуық адам қайтарымсыз грант жеңімпазы атанған. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар, жұмыссыз азаматтар, қандастар, мүгедектігі бар адамды қараушылар мен асыраушысынан айырылғандар. Биыл қала бойынша 447 грант бөлу жоспарлануда. Қазіргі таңда 1,2 лек бойынша 228 азаматқа грант берілді.