Мобильді қосымша арқылы тұрғылықты жері бойынша тіркелуге болады

40
фото kazlenta.kz

Қазақстанда банктің мобильді қосымшасы арқылы тұрғылықты жері бойынша уақытша немесе тұрақты тіркелуге болады деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі. Жаңа қызмет Kaspi.kz қосымшасында іске қосылды.

Оның  көмегімен үй иесі өзін және отбасы мүшелерін (14 жастан асқан балалар), сондай-ақ бірге тұратын басқа да адамдарды өз пәтерінде тіркей алады. Сонымен қатар бірге тұрмайтын адамдарды өз бетінше тіркеуден шығара алады.
Ал адам біреудің үйіне тіркелемін десе, онда сервистің өзі үй иесінің келісімін сұрайды.
Тіркеу кезінде ЖСН енгізу жеткілікті, адамның аты-жөні мен мекенжайы автоматты түрде шығады. Қызметті пайдалану қауіпсіз. Тіркелу кезінде фото сәйкестендіруден өту керек. Сонда ешкім біреудің атынан осы қызметті пайдалана алмайды.
«Мобильді қосымшалар қарапайым және түсінікті, ал оларды пайдалану көрсетілетін қызметті алушы мен қызметкердің тікелей байланысын болдырмайды. Сондықтан ІІМ халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді смартфондарға шығаруға ерекше назар аударады. Ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер онлайн режимде қолжетімді. Енді азаматтар ХҚКО мен полицияға барып, кезекте тұрып, уақыт жоғалтпайды», – дейді көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.
Айта кетері, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында қызметтердің танымалдығы жыл сайын артып келеді. Мысалы, өткен жылы сыртқы платформалар арқылы миллионнан астам қызмет көрсетілді.