Қазақстан азаматтарының меншігінде 490-нан астам яхта бар

19

Сенат депутаты Бекболат Орынбековтің айтуынша, Қазақстан азаматтарының меншігінде 490-нан астам яхта бар. Бұл туралы ол салық саясатындағы өзгерістерге арналған дөңгелек үстелден кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сән-салтанат салығы мәселесі жаңа Салық кодексінде 3 бағыт бойынша байланысқан. Оның біріншісі – жылжымайтын мүлік. Жаңа ғана айтқанымдай, шамамен еліміздің 3,8 млн. тұрғынында 6,8 млн. жылжымайтын мүлік нысаны бар. Екінші мәселе – «сән салтанат» мәселесі. Көлік бойынша айтсақ, құны 50 млн. теңгеден асатын көліктерге прогрессивті шкала белгіленуі мүмкін. Бізде Қазақстан Республикасы азаматтарының меншігінде деп саналатын 490-нан астам яхта бар.

Үшінші бағыт арақ-шарап өнімдерімен байланысты», – деді сенатор.

Аталмыш дөңгелек үстелде Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин қазақстандықтардың атына тіркелген жеке яхталар мен ұшаққа қанша мүлік салығы салынатынын айтқан болатын.