Шымкент қаласының барлық аудан аумағында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бекітілген түнгі рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Аудан әкімдіктері және аудандық жергілікті полиция бөлімі ювеналды полиция тобы бірлескен іс-шарада түнгі 23:00-ден таңғы 05:00 аралығында 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің үй аумағынан тыс жерде немесе ойын-сауық орталықтарында ата-анасының немесе заңды өкілінің ертуінсіз жүрген жасөспірімдер бақыланады.
Жыл басында бекітілген кестеге сәйкес, Абай ауданында бүгінгі таңда жалпы 40 рейдтік іс-шара өтіп, 480 жасөспірімнің ата-анасына ескерту жасалған. Жүргізілген іс-шара нәтижесінде түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың басым бөлігі «Наурыз» алаңы мен «Бәйдібек би» ескерткіші маңдарында жүретіндігі анықталды.
Тұран ауданында жыл басынан бері осы мақсатта 10 рейд өткізілді. Нәтижесінде түнгі уақытта ата-анасыз және заңды өкілдерсіз, кәмелет жасқа толмаған 25 жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды. Сонымен қатар, ішімдік тұтынған 5 жасөспірімге хаттама түзілді. Қазіргі таңда «Мектеп және жасөспірім», «Абайлаңыз балалар!» аясындағы рейдтік жұмыстар өз жалғасын табуда.
Ал Әл-Фараби ауданында әр аптаның жұма, сенбі күндері рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өтіп жатыр.
Жалпы аталған іс-шара жоспарына сәйкес, жұмыстар жыл соңына дейін тұрақты түрде жүргізіледі.
«Шымкент келбеті»