Шымкентке Өзбекстан делегациясы келді

47

Шымкентке Өзбекстан Республикасынан арнайы делегация келді. Көршілес елдің өкілдері мегаполисте жаңа кәсіпорындарды іске қосуды және дайын өнімді оңтайлы бағамен сатуды жоспарлап отыр. Ал ашылған жаңа жұмыс орындарына қызметке қала тұрғындары тартылады. Кәсіпкерлерді туризм мен жеңіл өнеркәсіп инвестициялары қызықтырып отыр.

Даулет Турсынбаев, «Global Textile» компаниясының жоба менеджері: «Қазақстан нарығы – Өзбекстан кәсіпкерлері үшін өте тиімді. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз кеңсемізді тіркедік, жұмысшыларды дайындап жатырмыз. Бұл кездесулер екі ел үшін пайдасы мол болады деген сенімдемін».

Жалпы делегация құрамында тігін, тоқыма және былғары аяқ киім кәсіпорындарының өкілдері бар. Екі ел арасындағы кездесудің басты мақсаты – Шымкент қаласында бірлескен кәсіпорындар құру, үшінші мегаполистің нарығын зерттеу арқылы жаңа өндіріс орындарын ашу. Делегация өкілдері шымкенттік кәсіпкерлермен жеке кездесу өткізіп, қаладағы арнайы экономикалық және индустриалды аймақтармен танысты.

Олжас Сапарбеков, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары: «Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасын әзірлеу көзделген болатын. Қазақстан мен Өзбекстан бизнесінің бірлескен жобаларын дамытуды ескере отырып, осы жоба аясында көптеген кездесулер өтті. Бұған дейін Қазақстанның бизнес өкілдері Өзбекстанға барған еді, міне енді көршілес ел делегациясы Қазақстанның үшінші мегаполисіне келіп отыр. Бұл ұйымдастырылып отырған кездесулер, барлық іс-шаралар екі елдің ішкі нарығы үшін тиімді болмақ деген ойдамын».